Бүгін Оралда Жұбаныш Жәрдемовтің жүлдесіне арналған дәстүрлі қалалық ашық турнир басталды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің спорт сарайында турнирге қатысушылар ұлттық спорттың тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық және қазақ күресі түрлерінен бақтарын сынауда.
Бұл спорттық шара самбо күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО шебері, ҚР-ның Құрметті спорт қайраткері Жұбаныш Садырұлының құрметіне арналып отыр.
Спорттық шара өңіріміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері арасында өтуде. Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ бірлесе ұйымдастырған жарысқа жүзге жуық жас спортшы қатысуда.
Жарыстың салтанатты ашылуында Ж.Жәрдемов дәстүрлі түрде өтетін турнирге қолдау білдірген жандарға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ университеттің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Әсет Сембайұлы, ҚР Қазақ күресі федерациясы атқарушы комитетінің мүшесі, кикбоксингтен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұбаныш Садырұлының шәкірті Тастанбек Есентаевтар сөз алып, өз тілектерін арнады.
Шарада спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан Жұбаныш Садырұлына қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан арнайы алғыс хат пен төс белгі табысталды.
Айта кетейік, аталмыш турнир жыл сайын облыстық деңгейде Жұбаныш Жәрдемовтің туған жері Бөкей Ордасы ауданында, ал қалалық деңгейде облыс орталығында ұйымдастырылып келеді. БҚО Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиев келесі жылы дәстүрлі турнирді республикалық деңгейге көтеруді көзделгенін айтты. Бұл –студенттердің «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын қорғауларына үлкен мүмкіндік болады деп күтілуде.
Гүлзинат ҚИБАТОВА