Қазір жолданған SMS-хабарламаларда жеке тұлғаның шоттындағы берешек және артық төлем сомасы да көрсетіліп жатыр, — деп хабарлайды PULS ақпараттық порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік кірістер комитеті ел өңірлеріндегі салық кеңесшілерінің байланыс нөмірлерін жариялады.
SMS-хабарлама тарату қызметі пилот режимінде жеке тұлғаларды салық міндеттемелері туралы уақтылы хабардар ету мақсатында іске қосылған.
Бұл процесс құзырлы органдардың ақпараттық жүйелер мен деректер қорының бірігуі арқылы жүзеге асқан.
Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, SMS-хабарлама жеке тұлғаларға салық міндеттемесі туралы ақпараттың жедел жеткізілуіне кепілдік береді.
Жеке тұлғаларға мұндай хабарлама Қазақстандағы ең ірі банктің бірі – “Kaspi Bank АҚ” мобайл қосымшасы арқылы жіберіледі.
Салық органдары 2018 жылға есептеген және 2019 жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуге жататын салықтар сомасы (мүлік салығы және жер салығы) туралы хабарлама ҚР азаматтарына коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің курьерлік қызметі арқылы да жіберілді. Хабарлама Мемлекеттік кірістер комитетінің “Салық төлеушілер кабинеті” қызметін пайдаланушыларға электрон түрде жіберілді, – делінген хабарламада.
Жеке тұлғалар 2018 жыл үшін жер және мүлік салықтары бойынша ақпаратты Egov.kz порталының “Салық және қаржы” бөлімінің “Жеке тұлғалардың алдағы төлемдерін көру және төлеу” қызметінде, Kgd.gov.kz сайтындағы “Барлық қызмет” бөліміндегі “Мемлекеттік кірістер органдары есеп жүргізетін алдағы төлемдер мен берешектің жоғы (бар) туралы ақпарат” ала алады. Тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларына шағымдана алады немесе 1414 нөміріне сағат 09:00-18:30 аралығында Мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерімен байланыса алады.
Жеке тұлғалар кез келген ыңғайлы жолмен: екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінде немесе төлем терминалдарында қолма-қол ақшамен, банкоматтар мен төлем терминалдарында банк картасын қолдана отырып Kgd.gov.kz сайтындағы электрон қызмет арқылы салық төлей алады.