Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, екі ел арасындағы өзара сауда-инвестиция ықпалдастығы айтарлықтай кеңейді. 2003-2018 жылдар аралығында сауда көлемі 3,5 есе ұлғайды. 2018 жылы тауар айналымы 6,5 триллион теңгеден асты немесе 19 миллиард долларға жетті. Энергетика, мұнай-газ салаларындағы екіжақты іс-қимылдар артты.
Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттен бастап “Теңіз – Новороссийск” мұнай құбыры арқылы әлем нарығына 500 миллион тоннадан астам мұнай жеткізілді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Сонымен қатар консорциум елдеріміздің күш-жігерін біріктіру және сенімді шетел инвесторларын тарту арқылы алынатын синергия тұрғысынан тиімді. Кәсіпорындарымыз Қазақстанның Теңіз, Королевское және Қарашығанақ кен орындарында, трансшекаралық Хвалынское, Центральное және Құрманғазы кен орындарында бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономикалық одағы аясында жүргізіліп жатқан ықпалдастық нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, өңірлердің одақ мүмкіндіктерін белсенді пайдалануы өзара сауда-саттықтың артуына, жеткізілетін тауар номенклатурасының кеңеюіне және инвестицияның ұлғаюына ықпал етті.
Екі елде де инвестиция тарту және экспортқа ықпал ету үшін құрылған арнайы даму институттары жеткілікті. Бұл институттар тауарларды жеткізу үшін перспективалы нарықтар мен өңірлеріміздің инвестиция және инфрақұрылым бойынша мүмкіндіктерін сараптап, ол жайында бизнесті ақпараттандырады, елдеріміздің шекаралас өңірлерінің нарығын зерттеу жөніндегі бірлескен бағдарламаны әзірлеп, іске асыра алады. Бұл жұмысты тұрақты әрі жүйелі жүргізу керек деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстан Президенті шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылым әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін Шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Шекара маңы аймақтарының инфрақұрылым әлеуетін кеңейтіп, дамыту қажет. Қолданыстағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс бар. Құрылған трансұлттық дәліздерді, соның ішінде “Бір белдеу, бір жол” және “Солтүстік-Оңтүстік” мегажобаларын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту керек. Бүгінде өткізу бекеттерін кеңейтіп, тағы бірнешеуін ашу қажет болып отыр, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан басшысы екі елдің өндіріс кооперациясы саласындағы Бірлескен іс-қимылдар бағдарламасының маңызды роль атқаратынына баса мән берді. Ол салалық министрліктерді, өңірлерді, экспортты дамыту және қолдау институттарын үшінші елдердің нарығына бірлесе шығу кезінде өзара белсенді іс-қимыл жасауға үндеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің бақылаушы органдарының арасында тығыз ынтымақтастық орнату пайдалы деп есептейді.
Ауыл шаруашылығы кез келген экономиканың аса маңызды секторларының бірі екені жасырын емес. Бақылаушы органдардың осы салаға ерекше назар аударуы түсінікті және тиімді. Бірақ ол шектен шықпауға тиіс. Сондықтан әкімшілік кедергілерді болдырмау, туындайтын мәселелерді шешуде жеделдікті қамтамасыз ету үшін тиісті министрліктер мен ведомстволар арасында толыққанды, күнделікті байланыс қажет, – деді Қазақстан басшысы.
Ел Президенті спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді, Қазақстан астанасындағы Бауман атындағы университет базасында физика-математика мектебін ашу бастамасын қолдады, ал Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің филиалын ашу қажет деп есептейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетауда өткізуді, оның тақырыбын “Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық” деп атауды ұсынды.
Форум қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан-Ресей шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасы;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
- Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы;
- Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федерал агенттігі арасындағы Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қостанай облысының әкімдігі мен Челябі облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім;
- Павлодар облысының әкімдігі мен Қорған облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Павлодар облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясы Новосібір облысының әкімшілігі арасындағы 2019-2021 жылдарға арналған сауда-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
- “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы мен “Ресейдің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау банкі” акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
baribar.kz