БҚО-да 67 оқушының қылмысқа қатыстылығы анықталды

Бүгін Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде өткен брифингте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында өткізіліп жатырған іс-шаралар жайы талқыланды.

Алғаш сөз алған БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Кенжебек  Қоспаев ағымдағы жылы 10 айдың ішінде қолданылған шаралар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылар саны 6,5%-ға (93-тен 87-ге дейін) азайғанын айтты. Статистикалық мәліметке сәйкес кәмелетке толмағандардың қатысымен жасалатын фактілерге 67 оқушы қатысты болса, оның ішінде 27-сі мектеп, гимназия, лицей оқушылары, 37-сі колледж оқушылары, 3-еуі ЖОО студенттері екен.
Талдау нәтижесі бойынша жасөспірімдермен жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстар сабақтан кейінгі уақытта орын алатыны белгілі болды. Жасөспірімдердің қатысымен 39 ұрлық, 8 тонау, 11 алаяқтық, 4 бопсалау қылмыстары тіркелген. Жастардың мұндай қылмыстарға барудың басты себебі —  ата-ана тарапынан қадағалаудың болмауы.

Осыған байланысты жедел жағдайды жақсарту және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында қала және аудан әкімдіктері, білім беру органдарының өкілдері және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, облыс аумағында ағымдағы жылдың он айында «Қолайсыз отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім – Заң — Қауіпсіздік», «Каникул», «Жұмыспен қамту», «Сабақ», «Қайыршылық» сияқты бірқатар жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілуде.

БҚО ПД баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *