Шыңғырлау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ж.Дулатов Л.Клышев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Азаматтық қорғау офицері еліміздегі өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайларда қорғау саласындағы мамандар дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау техникалық институты туралы мәлімет берді. Оған оқуға түсу шарттары және дене дайындығынан нормативтер тапсыру тәртібі туралы әңгімеледі.
Атап өтсек, ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институты – ведомствалық оқу орны. Оқуға қабылдау Ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификат баллына сәйкес болуы тиіс, профильдік пәндер – физика және математика. Курсанттарды оқыту республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Институттың толық күндізгі оқу курсын бітіргендер үшін институттағы оқу уақыты толық шұғыл әскери қызметті өтеумен теңестіріледі. Институт түлектеріне «азаматтық қорғау лейтенанты» атағы беріледі.
Азаматтық қорғау органдары қатарында қызмет ету – республиканың полиция және қарулы күштері сияқты беделді қызметтерінің қатарына кіреді.