Бүгін қаладағы «Көркем» мейрамханасында бас қосқан мүмкіндігі шектеулі спортшылардың соңғы үш жылда жеткен жетістіктері – осы сөзіміздің дәлелі.
Үш жыл деп үкілеп көрсетуіміздің өз мәні бар. Себебі осыдан үш жыл бұрын Оралда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ашылған болатын. Содан бері спортқа құштар түрлі жастағы мүгедектер спорттың әр түрі бойынша жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, биіктерді бағындырып үлгеріпті.
Бұл мерекелік шара қайырымдылық айлығымен және Мүгедектер күнімен орайластырылды. Кешке жиналғандарды «БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әсия Аманбаева құттықтап, салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорттық сайыстарда топ жарып жүрген жерлестерімізді мақтан тұтатындарын жеткізді.
Әдемі кештің шырайын кіргізген танымал әнші Марат Сарбөпеев пен басқа да балғын өнерпаздар, сондай-ақ Әлібек Айтқалиев, Темірлан Сатыбалдиев, Аяжан Кашпаева сынды өмірге құштар спортшы қыз-жігіттер тыңдарманға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Параолимпиада саласындағы белді спортшы, аталмыш спорт клубының директоры Азон Шаймардановтың айтуынша, батысқазақстандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар биылдың өзінде 46 жарысқа қатысып, жүлдемен оралған. Сондай-ақ облысымызда жеті рет Қазақстан чемпионатын өткізген.
Спорт клубы директорының орынбасары, самбо күресінен және қазақша күрестен спорт шебері, сурдо күресінен жаттықтырушы Теміржан Хасанғалиев:
– Клуб құрылған кезде сексен спортшы тартылса, бүгінде олардың қатары 200-ден асып кетті. Бүгінде олардың ішінде грек-рим күресінен жастар арасындағы Әлем чемпионатының, сурдо дзюдо күресінен Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері, көзі нашар көретіндер арасында жүзуден Қазақстан чемпионы, пауэрлифитингтен халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын қорғаған спортшыларымыз бар. Спортшыларымыздың жарыстарға қатысуына облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы қолдау көрсетеді, – деді.
Мерекелік шара барысында Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Азон Нұрмұханұлы өздеріне қолдау көрсетіп, ынтымақтаса жұмыс жасап жүрген бірқатар мекеме өкілдеріне Алғыс хат табыстады. Сонымен бірге шаңғы спортымен айналысатын Бауыржан Өмірәлиевке «Спорт шеберлігіне үміткер» атағы берілсе, бұл кешке келген барлық спортшыға қала әкімдігінің атынан шағын сыйлық берілді.
Спорт клубы құрылғанымен, жаттығу залының жоқтығына қарамастан жұмыстанып жүрген жаттықтырушылар шәкірттерінің жеңіске жетуі үшін бар күштерін салып келеді. Нәтижесі де – ауыз толтырып айтарлықтай.
Мұнда болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтудан өткізіп, спорт клубында жаттықтырып, арнаулы спорт мектеп-интернаттарына дайындау жоспары да бар екенін білдік.
Мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне қарамастан, шектеусіз деңгейде өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміздің әлі талай байрақты бәсекелерде топ жарары сөзсіз.
Ләззат ҚАЖЫМОВА