Жуырда Ақтөбе қаласында өткен «Ұлы дала ұрпағы» атты өнер байқауынан Үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі жүлделі оралды.
Өнерлі балалардың талантын шыңдау бағытында ұйымдастырылған байқау бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында өтті. Үшінші мәрте ұйымдастырылған байқаудың мақсаты –жас таланттардың жұлдызын жағу.
Аталмыш өнер додасына қалалық Үлгілі «Қызғалдақтар би ансамблінің кіші, орта, жасөсіпірім топтары қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен.
Хореография жанры бойынша қазақтың төл аспабы «Домбыраға» арналған би қойылымын көрерменге ұсынған кіші топ сайыстың жүлделі екінші орнын иеленген. Ал орта тобы – бірінші орынды қанжығаға байласа, жасөспірімдер арасында аталмыш би ансамблі «Көңіл толқыны» биімен жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болды. Би ансамблінің жетекшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, хореограф Райхан Көжекешева.
Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Орта мен жоғарғы топ Алматы қаласында өтетін супер финалға жолдама алды. Осындай байқауға қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс білдіремін,– деді би ансамблінің жетекшісі Райхан Сабырқызы.
Қазақ өнеріне деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеген өнер байқауынан жүлделі қайтқан биші аруларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!
Гүлзинат ҚИБАТОВА