Оралда тұңғыш марафон өтеді

Ертең, яғни 5 қазақ күні Орал қаласында тұңғыш рет «Aqjaiyq marathon-2019» атты көпшілік жүгіру марафоны өтеді. П.Атоян атындағы стадионнан бастау алатын спорттық шараға Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін чемпионы, супермарафоншы, халықаралық спорт шебері Марат Жыланбаев қатысады.

Көпшілік жүгіру марафонын БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ҚР жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп ұйымдастыруда.

– Тұңғыш рет толық марафон өткізуді қолға алғалы тұрмыз. Қазіргі таңда марафонға қатысуға мыңнан астам адам тіркелді. Кешеден бері Мұз айдыны спорт сарайында тіркелген адамдарға нөмірлер беру жұмыстары жүргізілуде.

Атоян стадионынан бастап жүгіретін марафоншылар Шаған жағалауы, Пугачев арқылы Н.Назарбаев даңғылымен, сондай-ақ Жуков, Молдағұлова, Тайманов, Алмазов көшелерімен Шаған жағалауына қайта оралады, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Дәурен Мұқанов.

Айналмалы жүгіру жолын кесіп өтетін марафонда бағдар бойымен бір айналу ұзындығы 10,5 шақырымды құрайды. Әр қатысушыға дайындық деңгейіне байланысты 440 метрді және 10,5; 21,1; 42,2 шақырым қашықтықты таңдап, аяқтау құқығы беріледі.

Жүлде қоры – 3 600 000 теңге болатын спорттық шара ертемен сағат 10.00-де басталады.

«Aqjaiyq marathon» шарасына байланысты сенбі күні қаладағы бірқатар жолдар жабылады. Ұйымдастырушылар тұрғындарды марафон уақытында туындайтын қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырады.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *