Оралда қос батырға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді

Бүгін «Қала күні» мерекесі аясында оралдықтар мен шаһар қонақтары тарихи сәттің куәсі болды. Ол – қазақтың қос батыры Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына арналған алып ескерткіштің ашылуы.

Осынау рухани шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, қала әкімі Абат Шыныбеков, Атырау облысы мен Ресей елінен келген меймандар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, қала тұрғындары қатысты.

Өрлік пен ерлікті ту еткен шара театрландырылған қойылыммен басталды. Бұдан соң сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев:

– Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі тарихи күн. Елі үшін туған қос арыс Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш Ақ Жайық өңірінде бой көтерді. Біз үшін отансүйгіштік пен азат рухтың сайыпқыраны болып табылатын қос батыр қандай құрметке де лайық. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге өз үлесін қосуда. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларды қастерлеу – қасиетті борышымыз, – дей келе, өз шығармаларында Исатай батырдың даңқты образын шебер бейнелеген Махамбеттің рухты жырларынан үзінді келтірді.  Сонымен қатар алыстан көзге түсетін алып ескерткіштің еңсемізді биіктетіп, рухымызды асқақтатарына сенім білдірді.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби және Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева өз сөзінде бүгінгі ұрпақты қос батырдың рухына тағзым етуге, алыптармен мақтануға шақырып, әр шаңырақта Исатай мен Махамбет секілді өр рухты ұлдар тәрбиеленсін деген аналық тілегін жеткізді. Ал ҚР Білім беру ісінің үздігі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және өлкетану ғылыми орталығының жетекшісі, ғалым-ұстаз Жаңабек Жақсығалиев тарихтағы Исатай мен Махамбеттің бейнесіне, тарихи деректерге тоқталды.

Салтанатты шара соңында жиналған қауым ұлт мұратын ту еткен ерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қос тұлпарды тізгіндеген қазақ батырларына арналған композициялық туындының биіктігі – 13 метр. Ал 5,5 метр болатын мүсіндер қоладан құйылса, 7,5 метрлік тұғырнама граниттен жасалыпты. Ақ Жайыққа келіп тұғырына қонған қос батырдың мүсінін Серік Рүстембеков, Ринат Әбенов және Ербол Зиянбеков есімді астаналық мүсіншілер жасаған екен. Қос батырдың еңселі ескерткіші Орал қаласы мен  Зашаған кенті аралығындағы Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің тұсына қойылды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

(Бейбарыс СҰЛТАННЫҢ суреті) 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын: – Туған елге, Отанға, өз ұлтына, бабаларына қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, халықтың да, ұлттың да ұмытуға қақы жоқ. Бүгін біз соған куәміз. Дәл осы біз тұрған жерде Махамбет ақынның аяғының ізі жатыр. «Еділ мен Жайық – екі өзен, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, еңкеймей кірсем деп едім» деп ақын аңсаған еркіндіктің Ақ ордасы бар бүгін. Ендеше әр ата-ана сол Ақ ордаға еңкеймей кіретін намысты, рухты ұл тәрбиелеуі керек.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, ғалым-ұстаз: – Тәуелсіздік – қазаққа көктен түскен құдіреттің сыйы емес. Азаттық жолы – қашан да азапты. Тәуелсіздіктің жарқын елесі үшін қаншама батыр бабаларымыз бен дана дала абыздары ат үстінде шаһид кетті. Итжеккенге айдалды, түрмеге тоғытылды, атылды, асылды. Осы ретте біз Исатай мен Махамбет тарихын қазақ даласындағы үш жүзге жуық ұлт-азаттық күрестің тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Исатай мен Махамбет – шын мәнінде арқалаған қоғамдық жүгімен және азаматтық-адамгершілік үлгісімен кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге қалдырып кеткен тұлға.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *