Қала күніне арналған әзіл кеші

Бүгін жастар әркез белсенді екендіктерін танытып, тарихи шаһар мерекесіне үн қосты.

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатры сахнасында өткен ойында қағытпа қалжыңмен көптің көңілінен шыққан  он команда өнер көрсетті. Қала күніне орай өткізілген «Жайдарман» фестиваліне Шымкент, Семей, Атырау, Ақтөбе қалалары мен төрт өңірлік  жайдарманшылар командасы қатысты.

Қала әкімінің кубогі үшін сайысқа арнайы келген  жайдаманшыларға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғыс білдіріп, ойынға сәттілік тіледі.

Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған кеште көңілді тапқырлар клубының командалары зал толы жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлай алды. Жайдарманның жоғары деңгейде өтуіне қалалық ішкі саясат бөлімі қолдау білдіріп,  «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені демеушілік жасады.

Ойынға  «Ақжайық» футбол клубының капитаны Бауыржан Омаров, республикалық «Жайдарман» ойындарының редакторы Қасиет Кәрім мен белгілі әзілкештер қазылық етті. Көңілді кеште жайдарманшылар  қалжыңдап қана қоймай, астарлы әзілмен өзекті мәселелерді қозғады.

Әзіл кешінде көптің көңілінен шыққан Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданынан келген ең жас «Статус» командасы әкім жүлдесіне ие болды. Семейлік Шатыр – екінші, атыраулық «Маями» жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Қалжыңымен жарасымды ойын өрнектеген «Эконом Класс» құрамасының ойыншысы Азамат Балтабекұлы кештің «Үздік ойыншысы» атанды.

Көрікті қаламыздың сұлулығына таң қалған Түркістан облысы, Шымкент қаласының «Бүгін.КЗ» командасының белді ойыншысы Ғалымжан Қалмырзаев, шаһардың одан әрі гүлденіп,  алға дамуына  тілектестігін білдірді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *