Білім күнінде оқушылар алтын ұяларымен қауышты

Кезекті оқу жылында қаладағы 51 мектепте 47 мың оқушы білім алады деп күтілуде.  Бұл туралы №37 орта мектепте өткен салтанатты жиынға қатысқан Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мәлімдеді.

Биыл №37 орта мектепке 150-ден астам бүлдіршін 1- сыныпқа қабылданды.  Жалпы биыл бұл мектепте 1196 шәкірт білім алмақ. Қаламыздың солтүстік шығысында орналасқан «Самал» шағынауданындағы аталмыш білім ұясында «Білім күніне» орай өткен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиынына Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков қатысып, білім әлеміне келген балғындарға сәттілік тіледі.

– Міне, бүгін еліміздегі барлық мектептер есіктерін айқара ашты. Бүгін білім алуға асыққан жас ұрпақ үшін айрықша күн. Бұл ­– мұғалімдер  мен ата-аналар үшін де ерекше мейрам. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Жаздың жаймашуақ күндері аяқталып, оқушылар өз алтын ұяларына оралды. Мектепке алғаш қадам басқан бүлдіршіндеріміз де ортамызда. Өздеріңізге белгілі дәстүрлі тамыз мәслихатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен жергілікті атқраушы органға білім сапасын жетілдіруге нық қадам жасау және шәкірттердің санасына ілім-білім нәрін құятын педагогтар мәребесіне қатысты нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Басталғалы тұрған жаңа оқу жылы Орал қаласындағы білім ұялары үшін де ерекше жыл болмақ. Кезекті оқу жылында қаладағы 51 мектепте 47 мың оқушы білім алады деп күтілуде.6 мыңнан астамы 1- сыныпқа қабылданғандар. Осы балаларға тәлім беріп, өмірден өз орнын табуына оң септігін тигізу 3700-дей ұстазға жүктеліп отыр. Мемлекет тарапынан елдің болашағы болар бүгінгі ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар мүмкіндіктер жасалуда. Жылма-жыл жаңа мектептер мен балабақшалар бой көтеруде. Бұған жеке кәсіпкерлердің де үлесі мол. Өткен оқу жылында №51 мектеп пайдалануға берілді. Биыл №52 орта мектептің іргетасы қалануда, – деген Абат Абайұлы оқушыларға лебізін арнап, ұстаздар мен ата-ананың үмітін ақтау үшін білім шыңына шығуларына тілектес екенін, жаңа оқу жылының табысты болуын тіледі.

Шарада 1-сынып оқушылары білім күніне арнаған құттықтау лебіздерін оқып, мектептің өнерлі шәкірттері ән-бимен өрнектеді. Салтанатты жиынның басты символы қоңырау соғу рәсімі 11- сынып оқушылары, Азамат Қуатов, Шұғыла Ахметова және 1 -сынып оқушылары Ақтілек Ықылас, Райхан Жақыповаға берілді.

Салтанатты жиыннан соң меймандар мектеп тынысы, үйірме жұмыстарымен танысты.  Оқу жылы Қазақстандағы жастар жылы, ТМД елдері бойынша жарияланған Кітап оқу жылы, 2020 жылы өтетін Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы және 2020 жылға жарияланған волонтерлер жылының аталып өтілуімен сәйкес келеді. Осы орайда мектеп директоры Тамара Мұсақызы  жаңа оқу жылында мектеп «Кітап оқитын сынып» конкурсын ұйымдастыру, «Бірге оқимыз» отбасылық жобасын жандандыру, Абайдың 175 жылдығына орай басталған челлендж арқылы ұлы ақынның шығармашылығын насихаттау, экологиялық тәрбие мақсатындағы танымы мен тағылымы мол шараларды қолға алуды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Бұған дәлел ретінде мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрсәуле Жәңгірова мен оқушылары Мұрадым Жәндетқали, Альбина Мұхамедиева Абайдың өлеңдерін көпшілік алдында оқып, челленджді қала әкімі Абат Абайұлына жолдады.

Сондай-ақ мектеп директоры оқушылардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жеткіншектерді жат діни ағымдардан сақтандыру мақсатындағы ата-ана, инспектор, педаог, психологтармен бірлесе жұмыстар жүргізілетінін мәлім етті. Қала басшысы Абат Абайұлы әр үйірменің маңыздылығына назар аударды. Әсіресе «Мейірім» қыздар клубының жұмысын оң бағалап, клуб жұмысын жандандыруды, өмірлік тәжірибесі мол аналар мен әжелерді, өңірдегі белгілі тұлағаларды жиі шақырып кездесулер ұйымдастыруды тапсырды.

2019-2020 оқу жылында Орал қаласында  6100 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ата-аналардың  80 пайыздан астамы мектепке қажетті құжаттарды жаңадан енгізілген электронды жүйе бойынша тапсырған.

«PULS» ақпарат

Б.Сұлтанның суреті

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *