Қалқымалы көпір ашылды

Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы Жайық өзенінде қалқымалы көпір ашылды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғали Есқалиев, аудан ақсақалдары мен тұрғындары қатысты деп хабарлайды БҚО әкімінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталмыш аудан орталығындағы көпір құрылысына облыстық бюджеттен 175 млн. теңге қаржы бөлінген.

Жиналғандар алдында сөз алған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы:
– Дана халқымыз «адамгершілікке арналған үш сауап бар бар» дейді. Олар шөлге құдық қазған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап. Өздеріңізге белгілі, Ақжайық ауданында Жайық өзенінің екі жағын тең бойлай 52 елдімекен қоныстанған. Жайықтың сол жағында 10 мыңға жуық тұрғыны бар 19 елдімекен орналасқан. Олардың аудан орталығына келу үшін біраз әбігерге түскені анық. Чапаев ауылына жету үшін Орал қаласы арқылы немесе көршілес Атырау облысының Индер ауданы орталығының тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр болды. Мәселен, Көнеккеткен, Қурайлысай, Сайқұдық тұрғындары аудан орталығына жету үшін осы күнге дейін 250 шақырым жол жүрсе, енді олар небәрі 25-50 шақырым жол жүретін болады. Демек, жол қатынасы 5-10 есеге қысқарып, ауыл адамдарының уақыты үнемделеді. Ең бастысы, Жайықтың екі жағында тұратын ағайындарымыз бір-бірін жиі көруге мүмкіндік алды, –деді.

Өңір басшысының айтуынша, бұл көпірдің өзін отандық өнім деп есептеуге болады. Себебі, көпірдің 80%-ы қазақстандық материалдан жасалған.
Сонымен қатар, тоғыз жолдың торабында орналасқан Чапаев ауылы тұсынан салынған бұл қалқымалы көпір ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының артуына оң ықпал ететінін атап өтті. Оған қоса, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жаңа серпін бермек. Себебі бұл көпірмен тек Ақжайық ауданы тұрғындары ғана емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады.
Шара барысында облыс әкімі бұл көпірді құрастырған Орал кеме жасау және кеме жөндеу компаниясына, құрылысқа атсалысқан азаматтарға алғысын білдіре отырып, «жаңа көпір ел игілігіне, облыс қажеттілігіне жарасын» деп тілегін білдірді.

Мердігер компания директоры Владимир Самсонов ұзындығы 126 метр, ені 6 метрді құрайтын көпір үш бөліктен тұратынын және оның бірі – ажыратылмалы екенін жеткізді. Көпірдің жүк сыйымдылығы – 60 тонна. Құрылыс жұмыстары алты ай ішінде аяқталған.
«PULS» ақпарат

уреттер әлеуметтік желіден алынды)

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *