Оқу жылы қарсаңындағы ерекше күн

Бүгін қалалық «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Мейірім мекені» атты біркүндік лагерь ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, жаңа оқу маусымына жігер мен серпіліс сыйлау, достық қарым-қатынасты нығайту.

«Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналған шараға қалалық ішкі саясат бөлімі қолдау білдірді.

Біркүндік балалар лагеріне отызға жуық тәрбиеленушілер қатысты. Ертемен әр түрлі спорттық шаралар өткізілді. Лагерь күнін тиімді өткізген жеткіншектер туризм бағытындағы ойындар ойнап қана қоймай, суда қайықпен жүзудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Түстен кейін оларға арнап ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Шара барысында мульткейіпкерлер кейпіне енген «Балаларға базарлықтың» көңілді аниматорлары демалушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

– Балалар мен жасөспірімдердің дамуына ерекше көңіл бөлуіміз қерек. Осы бағытта отбасы үлгісіндегі балалар ауылымен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Балалар алдағы оқу жылына ерекше ынта-жігермен кіріссе екен деген ниетпен бүгін осындай шара өткіздік, – дейді «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азат Сейтімов.

Аталмыш орталықтың қосымша білім беру педагогы Зульфия Мұқанованың айтуынша, қазіргі таңда бұл мекемеде 62 бала тәрбиеленуде. Зульфия Темірбайқызы балғындардың ата-аналарымен қайта табысуы мен патронаттық тәрбиеге алу жиілегендігін тілге тиек етті. Маман балалар үйі тұрғындарының күн санап азаюын жақсылыққа балайды. Сондай-ақ, жекелеген ұйымдар мен мекелемердің жаңа оқу жылы маусымына орай балалар ауылындағы әрбір үйге демеушілік пен қамқорлық жасап жатқанын жеткізді.

Лагерь кешінде Азат Ғалымұлы балаларға алдағы оқу жылына сәттілік тілеп, сыйлықтар таратты. Қызықты сәттер сыйлаған әсерлі күннен жеткіншектер ерекше көңіл күймен тарқады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *