БҚО-дағы қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты қалыптасқан ахуал

2016 жылы Батыс Қазақстанда – 108,9 мың, ал 2017 жылы — 105,0 мың. тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілді. 2016 жылы оның  1,6%-ы, 2017 жылы – 2,17%-ы сұрыпталып, қайта өңделді.

ҚТҚ-ны бөлектеп жинау сатылап жолға қойылып келеді. Қала және  аудан орталықтарында картон, қағаз, пластик, шина қабылдайтын бекетттер бар. Мысалы, Оралда «Gamma Real» ЖШС-да (металлбұйымдар өндірісі) пластик құтыларды жинайтын – 767, облыстың 12 ауданында – қалдықтарды бөлектеп жинайтын 317 контейнер орнатылған. Бюджеттік мекемелер мен сауда желілерінен  макулатура, картон мен қағаз қалдықтарын жинау ұйымдастырылған.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында  құрамында сынап бар шамдар мен приборларды жинайтын 54 контейнер қойылған. Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинау, сұрыптау және өңдеумен айналысатын 12 кәсіпорын бар.

Мысалы, «Губер» ЖК шина, резеңке жинаумен және өңдеумен айналысады, спорт және балалар алаңшалары үшін төсеніш дайындайды.  «Куксова», «Борисов» ЖК-тері картон, қағаз, пластик қабылдап, плитка, қырлы тас, пластик люк дайындайды. «Усенова» ЖК дәретхана және майлық қағаздарын шығарады. 2019 жылдың ақпанында Оралда  «ICM Recycling»  компаниясы қатты тұрмыстық қалдықтарды фин технологиясымен өңдейтін кешен ашты.   Мұнда ҚТҚ арасынан пластик, қағаз, металл  фракцияларын тауып алу қарастырылған. 2023 жылдан бастап қаланың ескі ҚТҚ полигонын дегазизациялау, органикалық қалдықтарды электр және жылу энергиясына айналдыратын биогаз станциясын салу  жоспарланып отыр. ҚТҚ полигоны 10 жыл мерзімге сенімді басқаруға берілген. Ақсай қаласында қоқысөңдеу желісін салу көзделуде.

Заманауи экологиялық және экономикалық талаптарға ҚТҚ өңдеудің кешенді өңдеу технологиясы сай келеді.  Соңғы кезде әртүрлі деңгейлерде өндірістік ҚТҚ-ны сұрыптайтын және тұтынатын, қайта өңдеуге жарамды құнды фракцияларды айыратын қоқысөңдеу кешендерін салу туралы жиі айтылуда.

Бүгінде ҚТҚ шығару мен кәдеге жарату шығындарын жабудың негізгі көзі – тұрғындардың төлемі.  Алайда тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша қолданыстағы тарифтердің тым төмендігі сонша, ол қалдықтарды шығару мен көмудің шығындарын да ақтамайды. Сондықтан бұл шығындар мемлекеттік бюджет есебінен дотацияланғанымен,  бәрібір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарын қалдықтарды бөлектеп жинау жүйесін дамытуға деген қаражат мұқтаждығынан арылтпайды.  Оның үстіне қазір ҚТҚ-ны жинақтау жүйесінің тарифтері  дифференцияланбаған. Оларды бөлектеп жинасаңыз да, түрлі қалдықтарды бір контейнерге тастасаңыз да, бірдей сома төлейсіз.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге асыру мен өңдеу негізінен кәсібі пайда әкелмейтін ұйымдардың мойнына артылған.  Сондықтан бұл компаниялардың бар табысы қатты қалдықтармен жұмыс жасаудың ең жаңа жүйелерін дамытуға емес, өзге мұқтаждарына бағытталуға бейім тұратыны айтпаса да түсінікті.  Қоқысты жинау және өңдеумен арнайы кәсіпорындар айналысуы тиіс. Сонда ғана аталған салада жоспарлау, кіріс-шығысты жүйелеу, қатты қалдықтармен жұмыс жүйесін жетілдіру мүмкіндігі пайда болады.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауды табысты ендіруде халықтың экологиялық сана-сезімі мен мәдениеті үлкен рөл ойнайды. Қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы тағы бір түйткіл – қайта айналымға түсетін шикізат нарығының тым шектеулілігі. Басқаша айтқанда, қалдықтарды өңдеушілер осы қалдықтардан алынған шикізаттарды саудалауда біраз қиындықтарға душар болады. ҚТҚ-ны өңдеу саласындағы келесі ірі түйткіл – аудандық деңгейде аталған сала бойынша жұмыстар бойынша  ұзақмерзімді жоспарлаудың жоқтығы.

Біздің өңірде ҚТҚ-ны кәдеге жарату мен өңдеу бойынша келесідей түйткілдер бар: құрамында улы заттар бар қалдықтар – люминесценттік шам,  сынабы бар приборларды (термометр, батарейка т.с.с).кәдеге асыру мәселесі әлі күнге шешімін таппауда; қолдану мерзімі біткен өнімдерді жоюға арнайы бөлінген орындар әлі күнге жоқ; мектеп, балабақша, аурухана сынды бюджеттік ұйымдарда қоқыстарды шығару қызметін өтейтін қаражат жеткіліксіз, сондықтан қоқыстар уақтында шығарылмай жатады; (бұл – экологиялық нормалардың бұзылуына әкеліп соқтырады); қазір Қазақстан аумағында қатты қалдықтарды өңдеу жеткілікті көлемде жүргізілмейді, ал қоқыстарды өртеу мен бейберекет қоқыс үйінділерін қалыптастыру есеп пен бақылаудан тыс қалуда.

         Қатты қалдықтармен жұмыс жасау мәселелерін кешенді түрде шешу келешекте төмендегідей нәтижелерге жеткізер еді:

  • тұрғындарды қатты қалдықтарды жинау/шығару бойынша сапалы қызметпен қамтамасыз ету;
  • ҚТҚ бөлектеп жинауды енгізу,
  • сұрыптау линиялары мен кешендерін құру, бұл сапасы жоғарырақ қайта айналымға түсетін шикізат алуға , полигонға орналастырылатын қалдықтың көлемін азайтуға, полигондардың қызмет мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді;
  • қалдықтарды қайта өңдеу арқылы өнім алу;
  • қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы;
  • тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру және оларды қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинау ісіне тарту үшін ақпараттық жұмыс (жиналыс, брошюра, үнпарақ, бейнеролик, оқу орындарында дәріс, акциялар және т.с.с.) жүргізу;
  • қатты тұрмыстық қалдықтар арасынан барынша көбірек қайта өңдеуге жарамды қайталама шикізат өндіру;
  • шағын және орта бизнес нысандарының өңдеу көлемін арттыруға, жаңа өнім шығаруға қол жеткізуі;
  • жаңа жұмыс орындарын құру;
  • елді мекендердің санитарлық күйін жақсарту;
  • полигондардың қызмет мерзімін ұзарту арқылы бюджеттің жаңа полигондар салуға кететін шығындарын азайту.

         Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу, кәдеге асыру –  барлық елді мекендердің тұрғындары мен жергілікті билік органдарын толғандыратын заманауи мәселелердің бірі. Сондықтан бұл мәселе белгілі бір тәртіп, жиілікпен оқтын-оқтын талдауды талап етеді.

П.БӨЛТЕКОВА,

Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының менеждері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *