Шаһардан 332 текше метр қоқыс шығарылды

Бүгін Орал қаласында шаһар аумағын санитарлық тазалау мен абаттандыруға бағытталған сенбілік шарасы ұйымдастырылды.

Қала әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған тазалық акциясының мақсаты – жасыл қаламыздың сәулеттік келбеті мен санитариялық жағдайын жақсарту, абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін оңтайлы шешу.

Аталған шараға меншік түріне қарамастан оралдық 503 ұйым мен мекеме жұмылдырылды. Сонымен қатар сенбілікке жастар қоғамдық бірлестіктері, коммуналдық мекемелер, мемлекеттік қызметшілер және пәтер иелері кооперативтерінің жұмысшылары, құрылыс компаниялары мен басқа да ұйымдар атсалысты. «Жайық таза қала», «Жайық жылу қуат», «Батыс су арнасы» мекемелерімен ұсынылған техникалар саны 24 бірлікті құрады.

– Біздің үндеуімізді қолдаған тұрғындарға, мекемелер мен ұжымдарға, кәсіпкерлік нысандарына бүгінгі сенбілікке атсалысқандары үшін қала басшысы ретінде әріптестерімнің атынан алғысымды білдіремін. Шаһардың тазалығы әр тұрғынға тікелей байланысты. Егер әр адам өз ауласы мен аумағын таза ұстаса, ортақ мекеніміздің келбеті көркейе түсері сөзсіз, – қала басшысы Абат Шыныбеков журналистерге берген сұқбатында.

Жаппай санитарлық тазалау орындарына келсек, Шолохов көшесін (Есенжанов көшесінен С.Тюленинге дейін) қала әкімдігінің мамандары тазалады. Орал-Желаев трассасы бойына облыстық басқармалар мен департаменттердің мемлекеттік қызметшілері санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал қала аумағындағы барлық мекемелер мен ұйымдар өз нысандарының маңы мен іргелес аймақтарды қоқыстардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл күні жалпы шығарылған қалдықтар көлемі – 332 текше метрді құрады.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *