Бізбен бірге жақсылыққа ұмтыл!

Өңірімізде алғаш рет қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тарту, және көмек көрсету, шағын кәсіпкерлікті бастауға жол ашу бағытында «Zhasproject» жобасы қолға алынды. Солардың бірі – «Балаларға базарлық» тегін үйірмелер жобасы.

Жастар корпусын дамытуға арналған жобаның аясында облыс бойынша 200-ден астам жеңімпаз анықталды. Арнайы іріктеуден өткен «Балаларға базарлық» тегін үйірмелер жобасы 1 000 000 теңге ұтып алды. Негізгі мақсат – облыстық отбасы үлгісіндегі балалар мен бөбектер үйлеріндегі ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді өткізу, аталған орталықтарда және аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тегін қойылымдар қою.
Біздің жобамыздың қатысушылары Мерей Қанапиянов пен Жансая Жанан аптасына екі-үш сағаттан шаралар ұйымдастыруға өз уақыттарын бөліп, сәйкесінше ай сайын шәкіртақыларын алып отырады. Бұл – жастық күш-жігерін қайырымдылыққа арнап жүрген жастардың еңбекке деген алғашқы қадамдарының бірі болып есептеледі.

Оралдағы өнерлі жастармен бірлескен түрде облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған орталықта үйірмелер шілде айында басталды. М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері «Жас актер», «Жас әнші» және әртүрлі аспаптарда үйрету бойынша аптасына екі сағаттан балалармен тегін сабақтар өткізуде. Гранттың жоба қаржысына үйірмеге қажетті аспаптар мен қойылымдарға арналған мультфильм кейіпкерлері сатып алынды.
Алдағы жаңа оқу жылында жоба ауқымын кеңейтіп, қаладағы коворкинг орталықтарында да үйірме жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар. Бұл өнер саласында білім алып жатқан қыз-жігіттерге теория мен практиканы ұштастыруға үлкен мүмкіндік бермек. Осындай игілікті іс жасау арқылы жас өнерпаздарды тәрбилеуге өз үлесімізді қосамыз. Егер бойыңда талантың мен өнерің болса, сен де біздің қатарымызға келіп қосыл, жас дос!

Толық ақпарат:8 777 479 35 90

Ерлік ШАМҒАЛИ,
«Балаларға базарлық Орал» тегін үйірмелер жобасының көшбасшысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *