Баспанасы отқа оранған отбасына көмектесті

Бүгін республикалық «Мектепке жол» және «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында оралдық әскерилер бес балалы Дархандар жанұясына көмек көрсетті.

Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері жуырда тілсіз жаудан баспаналары отқа оранған Дархандар отбасына көмек қолын созды.

Аталмыш мекеме жыл сайын акция аясында көмекке мұқтаж жандардан жәрдемін аяған емес. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының жасақтау бөлімінің бастығы, капитан Нұрлан Баймұханов пен  тәрбие, идеологиялық, əскери-патриоттық, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен жұмыс бөлімшесінің инспекторы Жанар Қайсағалиева Дархандар отбасына арнайы барып, ұл-қыздарына оқу құралдары мен ойыншықтар табыстады. Олар бүлдіршіндерге « Дендерің сау, сабақта озат болыңдар» деп тілек тіледі.

Айта кетейік,  ағымдағы жылдың 5 шілдесінде түскі уақытта Зачаганск кентіндегі Сарытау шағынауданының Күлтегін көшесінде орналасқан Оралбек Оразбаевтың жеке тұрғын үйіне жапсарлас орналасқан сарайынан өрт шыққан. Қызыл жалынның кесірінен аталмыш отбасының тұрғын үйі отқа оранып, көршісінің де  шатырын шарпыған. Себебі белгісіз болған тілсіз жауды жедел өрт сөндіру қызметкерлері ауыздақтап үлгерген. Жеке тұрғын үй иелері Оралбек пен Құралай – бес балалы ата-ана. Перзенттерінің алды онға келсе, кішісі бір жастан асқан.

«Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді» демекші, панасыз қалған отбасына Зачаганск әкімдігі құрылыс материалдарын алып берсе, сарытаулық тұрғындар да әр түрлі көмектерін аянып қалмаған.

– Сарайға газ бен ток көзі тартылмаған. Өрттің шығу себебі белгісіз болғандықтан, іс қозғамадық. Қыстық киім-кешегіміз түгелдей отқа оранды. Басымызға қиын күн туғанда жәрдемдескен барша қайырымды жандарға алғыс айтамын, – деді көпбалалы ана Құралай Утепова.

Қазіргі таңда көршісінің бір бөлмесін паналап отырған отбасы әлі де болса материалдық көмекке мұқтаж! Тілсіз жаудан зардап шеккен жерлестерімізге жәрдемдесем деушілер болса, редакциямызға хабарласуларыңызға болады.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *