Қарыз алып қажылыққа баруға бола ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпенов қажылыққа қарыз алып бару туралы түсініктеме берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Биыл Қазақстаннан қажылыққа 3200 адам аттанғалы жатыр. Оларға қолдау көрсету үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы миссия құрылды. Оның құрамында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылық құрамы, білікті имамдар, дәрігерлер, БАҚ өкілдері бар, – деді наиб мүфти. Айтуынша, қажылық сапарға аттанатындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 500-ге жуық мешітте арнайы семинарлар ұйымдастырылған.
– Кез келген мұсылман қажылыққа барғысы келеді. Оған баруды армандайды. Қажылық кімге парыз екенін алдын ала біліп алғанымыз жөн. Алла Тағала қасиетті Құранда «кімнің жағдайы келсе, сол адам өмірінде бір рет қажылық жасасын» деген. Яғни, жағдайы бар адам өмірінде бір рет баруы қажет дейді. Одан кейін қайта бара беруіне болады, – деді ол.

Сонымен қатар қажылыққа бару үшін қарыз немесе көмек сұраудың қаншалықты жөн екенін жеткізді.
– Қажылыққа бару үшін кейбір кездері адамдар бір-бірінен қарыз немесе көмек сұрайды. Шариғат мұны қолдамайды. Яғни жағдайы келген адам қажылыққа баруы керек. Қажылық дегеніміз – құлшылық. Ол барып демалатын орын емес, болмаса ел көріп келетін жағдай емес. Қажылыққа барып келіп, бір дәрежеге көтерілетін бұл мансап емес. Осыны білген жөн. Қажылыққа барған кісі ниет қылып, сол елдің талаптары мен шарттарын орындап, барынша денсаулығын күткені абзал, – деді Наурызбай Тағанұлы.
Сапарға аттанатындардың қауіпсіздігіне жауаптылар туралы да атап өтті.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының миссиясында 12 адам бар. Азаматтарды апаратын 18 фирманың әрбірінде бір-бір имамнан бар. Негізі фирмалар қаражатқа апара жатқан соң, олардың қауіпсіздігіне, ұшаққа, қонақ үйге жауап береді. Қосымша біздің миссиядағы имамдар мен дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, рухани жағынан көмектеседі. Екі елдің келісімі бойынша қауіпсіздік шараларының барлығы қарастырылады, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілі.

Оның сөзінше, қажылыққа барудан Түркістан облысының тұрғындары алда, себебі тұрғындар саны көп және облыста 800-ден астам мешіт бар екен.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *