Аз қамтылған отбасы баспаналы болды

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясындағы 95-інші пәтер батысқазақстандық отбасыға берілді. Ал біздің өңіріміз бойынша екінші пәтер – осы жобаның жемісі деп хабарлайды Бөрлі ауданынан Үміт Жәңгірова есімді әріптесіміз.

Еліміздің Бас мүфтиінің бастамасымен өткен жылы республика аумағында «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын.

Акцияның мақсаты – мұқтаж отбасыларға баспана алып беру. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында өңірдегі екінші баспана иесі белгілі болған. Ол – Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласында тұратын аз қамтылған отбасылардың бірі.

Аудандық мешітке келіп жамағатқа алғыс айтып, қуаныш иелерін жаңа қоныстарымен құттықтаған облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов: – Ақсайдағы мешіт ұжымы мен жамағатының қолдауымен аудан көлеміндегі мешіттерде жиналған қаражатқа жалғызбасты анаға Кеңтүбек ауылынан үй алып бердік. Сауапты іске Бөрлі ауданы мешітінің жамағаты белсенді атсалысты. Бізді қолдаған жандарға алғысымыз шексіз, – деді.

Жаңа баспанаға қол жеткізген жанұя баспана зардабын көп тартқан екен. Жомарт жандардың жәрдемінің арқасында осы шаңыраққа баспанамен қоса қысқатолқынды пеш, шаңсорғыш және басқа да тұрмыстық қажетті жабдықтар табысталыпты. Алдағы уақытта аудандық мешіт ұжымы жамағатпен бірігіп, жиһаздармен қамтамасыз етпекші.

«Ел үлесі – пәтерге» – тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға халық болып қаражат жинап, үй алып беруді көздейтін жоба. Аталмыш жоба мешіт имамдарының халыққа, жамағатқа түсіндіре жеткізе білген насихаттарының нәтижесінде іске асуда.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *