Күмбірлеген күй кеші өтті Оралда

Оралда республикалық «Үкілі домбыра» байқауларының жүлдегері, домбыра жасау шебері, күйші Едіге Нәбиевтің «Өрісті өнер өнегесі» атты шығармашылық кеші өтті деп хабарлайды «Пульс» газетінің тілшісі облыстық халық шығармашылығы орталығының ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің ақпараттық хабарламасына сілтеме жасап.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында өткен аталмыш кешті Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында БҚО мәдениет басқармасының қолдауымен Халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысқан шараның шымылдығы «Өрісті өнер өнегесі» кітабының тұсаукесерімен түрілген. Кешті шараның арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаева жүргізді.

Күй кешіне қатысқандар кеш иесінің орындауында халық күйі «Ақсақ құланды», Әлікейдің «Қоңырала», Махамбеттің «Шілтерлі терезе», Қазанғаптың «Қаратөс», Ақбикештің «Айнам қалды», Соқыр Есжанның «Қош,аман бол, Ақбикеш», «Соқыр Есжан», Құрманғазының «Айда, бұлбұл, Айжанай», Ерғали Есжановтың «Қоштасу», Құрманғазының «Жәмилә», Дәулеткерейдің «Көркем ханым», «Жеңгем сүйер», «Аңшылық» сынды күйлерін тыңдап, бір серпіліп қалды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев орындаған халық әні «Шымыр», ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиевтің орындауындағы Құрманғазының «Терісқақпай», Динаның «Байжұма», П.Ищенконың «Шалқыма», Махамабеттің «Қайран, Нарын» күйлері де көрерменді тебірентті. Оған қоса Фархат Оразов – «Шернияздың термесін», Ербол Ғұбайдуллин – халық күйі «Кербез Ақжелеңді» тарту етті.

Өнер кешінің кейіпкері, домбыра жасаудың шебері, танымал күйші Едіге Нәбиевке «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Асқар Кенжеғалиев аталмыш қоғамдық бірлестіктің куәлігін табыстады.

«Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Ал Кәрима Сахарбаева күйшіні «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры» атағымен құттықтап, арнайы дипломды өз қолына тапсырды.

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *