Балалар латын қарпін қызыға қолдануда

Елімізде латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Осыған орай облыстық тілдерді дамыту басқармасы латын графикасындағы қазақ әліпбиін лагерь демалушыларына меңгерту жұмыстарын қолға алды.

Аталмыш басқарма бұл жұмыстарды  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық білім басқармасымен және Орал қалалық әкімдігімен бірлесе жүргізуде.

Шараның мақсаты – «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру, оқушылар арасында еліміздің тіл саясатын жүзеге асыру, «Жаңа қазақ әліпбиін үйренудің лингвистикалық негіздері» емле ережесі жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін қамтамасыз ету, латын қаріптерін меңгеруге балалардың қызығушылықтарын арттыру.

«Латын әліпбиін бірге үйренейік!» тақырыбындағы шара бүгін «Самал» туристік лагерінде жалғасын тапты. Шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Баянгүл Семғалиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Роза Зайнуллина, №40 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Айнұр Сабыр қатысып, демалушыларға латын графикасындағы төл әліпбиімізді таныстырып, түрлі ойындар өткізді. Жаңа әліпби бойынша өз есімдерін, топтарының атауларын жазып көрген балалар шараға қызығушылықпен қатысты. Үш топқа бөлінген демалушылар өзара сайысқа түсіп, берілген тапсырмаларды жарыса орындады. Әсіресе, «Латын-караоке» әдістемелік құралы жеткіншектердің қызығушылығын туғызды. Ән айтып, көңілдері көтерілген лагерь демалушылары ерекше әсермен тарқасты.

«Самал» туристік лагерінің екінші ауысымында бүгінгі таңда 95 оқушы тынығуда. Мұндай тағылымды шара қаламыздағы өзге лагерьлерде де жалғасын табатын болады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ      

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *