Ұстаз-ақынның шығармашылық кеші өтті

Осы аптаның соңында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ақын, жазушы, ұстаз Дариға Мұштанованың шығармашылық кеші өтті. Қаламгердің «Аңыз болған абысындар» атты еңбегі дәл сол күні театр сахнасында қойылып, көрерменді керемет әсерге бөледі. 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру беру саласының үздігі Дариға Ғазезқызының «Күн-көңіл көктем» атты кешіне облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесіне жиналған жұртшылық алдымен Ақ Жайықтың ақын қызының жан тебірентер, бірқатар сазгерлердің әнімен көркемделген өлеңдерін тыңдап, әсерлі рухани кештің куәсі болды. Облыс әкімінің орынбасары М.Сатқанов кеш иесін өңір басшысы атынан құттықтап, құрмет көрсетті. Қаламгер Тихон Әліпқали ақын қарындасының шығармашылығы жайлы айтып өтті.

Айтыста топ жарған, жазба ақындықты серік етіп, бірнеше жыр жинағын жарыққа шығарған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Д.Мұштанованың ұстаздық ұлы жолда да өзіндік орны бар. Бұған кеш барысында сөз алған ата-ана Мәди Мырзағареев, шәкірттері Салтанат Ералина мен Рүстем Алдоңғаровтардың ақжарма тілектері дәлел болды. Еліміздегі үздік білім ошақтарының бірі – Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясын ұзақ жылдар басқарған білікті педагог, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Дариға Ғазезқызына гимназия түлектері өмір дәрісін бойларына сіңіргені үшін алғыс айтты.

Бұдан әрі өнерсүйер көпшілік Хадиша театрының актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова сахналаған «Аңыз болған абысындар» қойылымының премьерасын көрді. Жазушы Дариға Мұштанованың кітабына арқау болған үш абысынның тауқыметті тағдыры, бастан кешкен оқиғалары көрерменді күрсінтті. Шынайы өмірден алынған оқиға желісімен жазылған дүние енді театр сахнасына жол тартты.

Рухани кешті батысқазақстандықтармен бірге тамашалаған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов бұл шараны «қырдағы ел қуантқан, ойдағы ел ойлантқан» деп үкіледі. Ал кеш иесінің «бойына сөз қонған, сөзге сәуле түсіре алатын» шеберлігі – ақындық өнерін айшықтап тұрғанын жеткізді. – Бұл кеш – Елбасы айтқан «рухани жаңғырудың» жарқын үлгісі болды. Залда ине шаншар жердің болмауы да көңілге қуаныш ұялатты. Бұл – сөзді, өнерді бағалайтын, жалпы адамның жан-дүниесін сезінетін жандардың көптігінің көрінісі. Ең алғаш Алматыға айтыс ақыны болып қадам басқан Дариға Ғазезқызы содан бері қазақтың жүрегінде жатталып қалған. Бүгін прозалық шығармасының куәгері болдық. Ұстаз да, ақын да адам тәрбиелейді. Сондай тәрбиешіміз тұр ортамызда. Биыл батысқазақстандық қыздар ерлеп тұр. Ақын Ақұштап Бақтыгереева Мемлекеттік сыйлық иеленді. Жазушы-журналист Мира Шүйіншәлиева халықаралық «Алаш» сыйлығын алды. Осындай ақ жолда жүрген Дариға Мұштанованың жазары таусылмасын, – деген жазушы кеш иесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын табыстады.

Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізіп, қойылымдағы «аңыз» абысындардың сахналық бейнесін жерлестері де асыға күтетінін айтты. Аңызға айналған кейіпкерлердің ұрпақтары да сахна төріне көтеріліп, өз ризашылықтарын білдірді. Кешегі абыз аналарды ардақтаған Жайықтың Дариға Мұштанова мен Нұргүл Жұбатовадай қыздарының еңбегі – кешті әдемі түйіндеуге себепші болды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *