Мәслихат сайлауы – азаматтардың өңірлік басқаруға қатысуының конституциялық тетігі

Мәслихат депутаттарын сайлау азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару ісіне қатысуына және өңірлердің даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Мәслихаттардың құзыретіне жергілікті бюджеттерді бекіту, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын қарастыру және олардың орындалуын бақылау кіреді. Осыған байланысты депутаттардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жергілікті өкілді органдар қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Сайлау жүйесі азаматтарға баламалы таңдау жасауға мүмкіндік береді. Алдағы сайлау науқаны аясында 11 мыңға жуық кандидат тіркеліп, жеті саяси партияның қатысуы көзделген. Сонымен қатар азаматтарға өзін-өзі ұсыну арқылы кандидат ретінде сайлауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарын қалыптастыру кезінде сайлаушылар партиялық тізімдер мен бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттарға дауыс береді.

Сайлау үдерісін ұйымдастыру барысында азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Тұрғындар өздерінің сайлау учаскелері туралы мәліметтерді онлайн сервистер мен байланыс орталықтары арқылы ала алады. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуде байқаушылар институты маңызды рөл атқарады.

Мәслихат депутаттарының негізгі міндеттерінің бірі – тұрғындардың сұраныстары мен ұсыныстарын жергілікті басқару деңгейінде жеткізу. Депутаттар халықпен тұрақты байланыс орнатып, азаматтардың өтініштерін қарауға, атқарылған жұмыстар туралы есеп беруге және елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысуға тиіс.

Саяси бәсекелестік пен пікір алуандығы жергілікті өкілді органдарда қоғамның түрлі топтарының мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте депутаттық бақылау, қабылданатын шешімдердің ашықтығы және халық алдындағы есептілік жергілікті басқару жүйесінің маңызды қағидаттары болып саналады.

Мәслихат сайлауы – өкілді демократияны дамытудың және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу құқығын жүзеге асырудың маңызды нысаны. Сайлау қорытындысы алдағы бес жылда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдайтын жергілікті өкілді органдардың құрамын айқындайды.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *