Алдағы үш жылда 190 мектеп салынады

Елімізде 2021 жылға дейін 190 мектеп салынады. Бұл ең алдымен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің проблемасын шешуге бағытталып отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Министр еліміздегі мектептердің инфрақұрылым мәселесін сөз етіп, мектеп жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін алдағы үш жылда 190 жаңа мектеп салынатындығын жеткізді.

«Бұл ең алдымен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің проблемасын шешуге бағытталып отыр. Сондай-ақ бұл апаттық жағдайдағы және оқушылардың орны жетіспейтін мектептердің мәселесін шешетін болады. Сонымен қатар жер сілкінісіне байланысты біраз мектепте жөндеу жұмыстарын өткіземіз», — деді ол.

Оған қоса мектептегі білімнің сапасы мұғалімге байланысты екендігін айта келе, олардың кәсіптік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

«Алдағы үш жылда, яғни 2019 жылды қосқанда 144 мың мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. 82 мың сынып жетекшісі мен психологтар да осы курстан өтеді. Бүгінгі таңда ұстазға да, балаға да, ата-анаға да психологтардың көмегі өте қажет. Сондықтан психологтарды қайта даярлау курсынан өткіземіз. 15 мыңдай кәсіптік білім беру саласының мамандары және 2,4 мың ЖОО-ның ұстаздары да осы курстан өтеді. Бұлар негізінен педагог мамандарын даярлайтын оқу орындарынан өтеді», — деді министр.

Күләш Шәмшидинова жиын барысында ұстаздарға педагогикалық көмек көрсету қажеттігін және осы бағытта жүйелі әдістемелік жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында әдістемелік жұмыстардың қазақ және орыс тіліне қосымша ағылшын тіліндегі бөлімі ашылады. Әдістемелік көмекті жақындату мақсатында ең алдыңғы мектептердің есебінен 800 жуық «тірек мектептері» анықталып отыр. Сол мектептердің мұғалімдері арасынан біз методикаға, бағалау жүйесіне, зерттеу жұмыстарына байланысты тренерлерді дайындап отырмыз. Әрбір тірек мектебінің жанында он шақты жетекші мектептер бар, солармен бірлесіп жұмыс істейтін болады», — деді Білім және ғылым министрі.

Дереккөзі: BAQ.KZ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *