Ұстаздарым, биік тұлға байсалды

Қазақтың бас қолбасшысы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен. Еліміз үшін аса маңызды салада аянбай қызмет ететін педагогтердің еңбегі қашанда елеулі.

Иә, ұстаздық жол, ұстаздық қызмет – мағынасы кең, сан тараулы ұғым. Осындай қастерлі мамандық иелерінің есімін ұлықтап, оларға тиісінше құрмет көрсету – шәкірт парызы. Мен де ұлағатты ұстаздардың алдын көрген шәкіртпін. Ұстаз деген есім ойға оралғанда көз алдыма келетін жүзі жылы, мейірімді оқытушыларымның бейнесі сағынышты естеліктерге жетелейді.

Осыдан 1992 — жыл бұрын бізді мектеп партасына отырғызып, қолымызға қалап ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазым Оразова Әлия еді. Апайымыз бізді өз ұл-қызындай еркелетіп, санамызға білім нәрін сеуіп, өмірге деген көзқарасымыз бен дүниетанымымызды қалыптастырды. Одан әрі мектеп қабырғасында ақылшы болып, өмірге бағыттап, жүрегімізге білім шырағын жаққан Черкешек Бөкейхан Әмірханұлы, Ақмара Сайыпқызы, Бахиева Гүлнара Демесінқызы, Сара Ораққызы, Бақытжамал Рахатовнақызы, Талшын Кабенқызы сынды мұғалімдердің есімдерін ерекше атап өткім келеді. Мен үшін ұлылықтың, адалдықтың символына айналған осындай ұлағатты жандардың есімдері елдің ықыласына, шәкірттерінің алғысына бөленген тұлға ретінде жүрегімде сақталады.

Қазір өзім де білім саласында еңбек етіп жүрмін. Ұстаздық жолдың қаншалықты жауапкершілігі мол қиын жол екенін сезініп жүрмін. Сондай сәттерде ұстаздарымның ерен еңбегі мен қажырлы қызметіне шексіз тәнті боламын.

Сондай-ақ бізге жарық өмір сыйлаған аяулы анамыз – 40 жыл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер ұстаз. Алайда мақтағанды ұнатпайтын анамыз өзін өзге әріптестерінен ешқашан биік қойған емес. «Бала тәрбиесі – ортақ мүдде» деген берік қағиданы ұстанатын анамыздың ұстаздық жолды таңдауы да тегін болмаса керек. Себебі ол кісінің анасы да білім саласында қызмет еткен. Мұндай анадан – перзентіне жалғасқан ұлы істі ұрпақтар сабақтастығы десе де болатын шығар.

Ал мен өмір жолына жетелеп, болашағымызға бағыт-бағдар берген барша ұстаздар қауымына шексіз алғыс білдіргім келеді. Солар берген тәлім-тәрбиенің арқасында дұрыс жолды таңдап, білікті маман иесі атандық. Өзімнің өмірімде алар орны ерекше аяулы ұстаздарымның алдында басымды иемін. Есімдері жүрегімде жатталған ұстаздар қандай құрметке де лайық.

Кунирова Айсулу Тулегеновна,
Январцев “Мектеп-бөбекжай-балабақша” кешені КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистры.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *