Бірінші курс студенттеріне арналды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жылдағы дәстүрге сай 1-курс студенттері арасында «Сергек бол!» спорттық іс-шарасы өтті.

​Спорттық іс-шараның салтанатты ашылуында сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов дені сау ұлт – ел болашағы екенін айтты. – «Тәні саудың – жаны сау» демекші, бұл іс-шараның маңызы зор. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда осындай игі шаралардың алар орны ерекше. Ұлт саулығын сақтау мен нығайту мәселелерін Мемлекет басшысы ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Өйткені, дені сау ұлт – мемлекетіміздің тірегі және келешегі, – деген Ақылбек Ұзақбайұлы биыл студенттер қатарын толықтырған жастардың барлық іс-шараларға белсенді атсалысарына сенім білдірді. 

​Іс-шараға қатысқан Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев Жәңгір хан университетінде байрақты бәсекелерде облыс намысын қорғап, топ жарып жүрген спортшы студенттер тәрбиеленіп жатқанын атап өтті. Биыл оқуға түскен студенттерді де бос уақыттарын тиімді пайдалануға шақырды. 

Студенттер «AulaFit» спорттық жобасының жаттықтырушысы Жәмила Төлеуғалиевамен бірге таңғы жаттығу жасаса, «Ерке-Нұр» би ансамблінің бишілерімен бірге еркін жаттығу жасап бой сергітті. Университеттің өнерлі жастары спорттық шараны әсем әндерімен көркемдеді. Бұдан әрі іс-шара «Жәңгір хан» спорт кешені ұйымдастырған спорттық жарыстармен жалғасты.

Аталмыш спорт кешенінің директоры Руслан Қуановтың айтуынша, білім ордасында бес спорт шебері, 50 шақты спорт шеберлігіне үміткер, 100 шақты түрлі разрядтағы спортшылар білім алуда. – «Жәңгір хан» спорт кешенінде студенттер спорттың 18 түрімен шұғылданады. Жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Студентіміз Ерболат Ержан қол күресінен Азия чемпионы, жастар арасында Әлем чемпионы. Әділбек Сейсов – Азия чемпионатының қола жүлдегері. Риза Сүлейменова – самбо күресінен Қазақстан чемпионы. Анастасия Панасович пен Зейнеп Баянова – әйелдер күресінен Азия және Қазақстан чемпиондары. Бейбіт Мәдиев – дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы. Виолетта Филипова – «Грация» командасының мүшесі, волейболдан ҚР чемпионы. Сонымен қатар Рысбек Қоңыров, Әйіп-Нұртас Төрехан, Мирас Жеңісов, Нұрсұлтан Жұбандық есімді студенттеріміз – «Ақжайық-2» футбол құрама командасында, ал шағын футболдан «Бәйтерек» құрама командасында – Манат Мақсотов деген шәкіртіміз ойнап жүр. Биыл волейболдан жастар арасындағы ҚР чемпионы Ерназ Қисметов біздің студентіміз атанды, – деді Руслан Бекжанұлы. 

БҚАТУ медиа-орталығы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *