Ислам – ізгілік діні

Ізгілік тақырыбы – мәңгілік, ешқашан ескірмейтін адамгершілік тақырыбы. Бұл әр адамға тән асыл қасиеттер, рухани байлық. 

Ізгілік – сәбидің бойына ана құрсағына біткен сәттен бастып даритын, адамдардың бір-біріне деген адамгершілік, сүйіспеншілік қарым-қатынасы, адамзаттың басты құндылығы, өзгелерге жақсылық жасаудың негізі.

Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді дейді халқымыз. Ал жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі алғашында ананың ақ сүтінен тарайтыны хақ. Бұл адамның өзіне, ұрпағына, өзгелерге, өскен ортасына жасаған, жасайтын игі, жақсы істері, амалдары мен ниеті. Құндылықтардың табиғи, анадан берілетіні, және тәрбие жүзінде адам бойында жүре пайда болатындығы да бар. Барлығы түйсігіміз бен білім жолындағы құлшынымызға байланысты.

Адам атауына ие болған соң, әр пенденің басты мұраты – асыл да ізгі қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты жан ретінде артына із қалдыру. Адам баласы өзінің адамгершілігімен, адалдығымен ғана ардақты болмақ, ізгілік, яғни адамгершілік – адамзаттың рухани арқауы. Дүние есігін ашқан әр пенденің бойында осы қасиеттер бар. Әділетсіздік пен айналасындағы кейбір қатігездікті көрген жандар, өзгенің бойында бұл қасиеттер жоқ деп, немесе өзінің бойындағы да ізгілікті де аша алмай кетуі де мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, қай-қай жанның да жүрегін жұмсартып, асыл қасиеттерін ашуға болады. Бұл білімнің күшімен, білімнің арқасында қол жеткізуге болатын нәрсе.

Бар ізгілік түйсіктіге саяды,

Ер біліммен өсіп, атын жаяды, деген ата-бабамыз мұның мүмкін екендігін дәлелдеп кетті. Адал тәрбие беру арқылы қай жанды да адамгершілік пен ізгілікке баулу мүмкін екендігін айтып кетті.

Ислам дінімен біте қайнасып кеткен халқымыздың тәлім-тәрбиесі осындай тамаша рухани ортаны қалыптастыруда тамаша өмір мектебі бола білді.

Өзге адамның қиналғанын көре тұрып, ешбір адам бей-жай қарай алмайды. Көмек қолын созып, әрдайым жанашырлық танытып, құрақ ұшып жүгіре жөнелуге дайын. Бұл әр адамның болмысы. Әр адамның жүрек қалауы. Әр адамның ізгілігі. Ел басына күн туған сәттерде, ел болып, халық болып, бірлесіп бір-біріне көмектесуге жүгірген әр жанның ізгі ниеті мен адамгершілігі әрбір отандасымыздың бойындағы ізгілік қасиеттерін жоғалтпағанын, адамгершілігіміздің сақталғанын айқын көрсетті. Ислам діні жалпы адамзаттың құндылығын қастерлейтін, ізгілікке шақыратын жақсылықтың жаршысы. «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қаламайынша толық иман еткен болмайды»,- дейді хадис (Бұхари, иман 7; Муслим, иман 71).   Ізгі ниеті бар адам бақытты тауып, басқаларды бақытты ете алады. 

عَلِيمٌ بِهِ اللّهَ فَإِنَّ خَيْرٍ مِنْ تَفْعَلُواْ وَمَا  «(Кімге) қандай жақсылық жасаған болсаңдар, Алла Тағала оны шүбәсіз біледі» («Бақара» сүресі, 215-аят).

اللّهُ يَعْلَمْهُ خَيْرٍ مِنْ تَفْعَلُواْ وَمَا  «Жақсылық атаулының қайсыбірін істесеңдер де, Алла  Тағала сол жайлы міндетті түрде біледі» («Бақара» сүресі, 197-аят).

يَرَهُ خَيْرًا ذَرَّةٍ مِثْقَالَ يَعْمَلْ فَمَن «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зілзала» сүресі, 7-аят).

فَلِنَفْسِهِ صَالِحًا عَمِلَ مَنْ  «Кімде-кім жақсылық жасаса, өзіне (яғни пайдасын өзі көреді)» («Жәсия» сүресі, 15-аят), деп әр амалымыз бен ниетіміздің өзіміздің алдымыздан шығатындығын қасиетті кітабымызда бірнеше рет қаперімізге салған асыл дініміз – ізгіліктің діні. Жақсылық жасауда жарысуға үндейтін дініміз, әрқашанда қазақы тәрбиенің негізі бола бермек.

Ниетіміз таза да, ізгі болғай. Әлбетте, әділдік пен ізгілік, қарсы алады алдымыздан жүз күліп.

Қажымұқан Ғилманов,

Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы

Орал қалалық мешітінің бас имамы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *