Мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында сөз қозғалды

Бүгін  «Nur Otan» партиясының Орал қалалық филиалында мемлекеттік тілдің дамуы жөнінде отырыс өтті.

Мемлекеттік тілдің даму төңірегіндегі жиналған отырысқа эксперттер, политологтар, тілшілер, қоғам белсенділері қатысты. Жиынға «Nur Otan» партиясының Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұршинов төрағалық етті.

Отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша алғашқы болып сөз алған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайрлиев 2020 жылы мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Биыл Орал қаласында онамастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды ескере отырып, 53 елді-мекен мен көше атауы жаңартылған. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында қаламыздағы басты даңғылдарының біріне ұлы ақынның есімі беріліп, көптеген аялдамаларда ақынның даналық сөздері мен өлең шумақтары жазылған стендтер орнатылды. Хакім Абай атындағы алаңда ғақлия сөздері жазылған  тақтатастар қойылды.

 Сондай-ақ Серік Ерболатұлы өз баяндамасында көрнекі ақпараттың мәтінінде жиі кездесетін қателіктерді жою мақсатында ұйымдастырылған «Бірге түзетейік» акциясының қорытындасын айтып өтті.

Осы шара барысында қала тұрғындары өте жоғары деңгейде  белсенділік танытты. Тұрғындардың мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында сауатты қолданылуына бей-жай қарамайтыны қуантты. Біз тек акциямен шектеліп қалмай, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары сынды көпшілік жиналатын нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, ­­- деді.

Облыстық қазақ тілі қоғамымен бірлесіп, көрнекі ақпарат тілін реттеу мақсатында Орал қаласының тілдік ахуалына мониторинг жүргізілді. Жалпы саны 700-ге жуық мекеме мен кәсіпорындарды аралап, 236 нысан басшысына ескерту хаты жолданды. Нәтижесінде 107-і заң талабына сай түзету жұмыстарын жүргізген.

Биылғы оқу жылында Орал қаласында 6104 бүлдіршін бірінші сыныпқа барған. Олардың 3499-ы қазақ сыныбында білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,1%-ға  ғана өскен. Жалпы қала мектептерінің орыс сыныптарында 8269 (16,5%) қазақ ұлтның балалары білім алады.

Баяу болсада қозғалыс бар. Қазақ балалардың орыс сыныбында білім алуына басты себептің бірі ­– ата-аналарының қазақша мардымды сөйлей алмауы. Ал екіншісі ­ латын графикасына көшу болып отыр, ­ — деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайрлиев.

Күн тәртібіне қойылған мәселе қаралғаннан кейін «Айқанат» білім қорының БҚО бойынша кординаторы Гүлнар Әлжанова мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Гүлнар Жәрдемқызы қаламызда жаңадан атау алған көшелерді жүйелі насихататтау жұмыстарының ақсап тұрғанын, жөнсіз жарнамалардың көбейгенін тілге тиек етті. Қаламызда «Қазақ сыныбына қадам басайық», «Оқырман отбасы» сынды акциялар ұйымдастыру, барлық қоғамдық көлік ішінде аялдама атауларын радио дыбыстағыш арқылы хабарлау сияқты ұсыныстарын айтты. Ал «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір халыққа қызмет көрсететін мекемелердегі байланыс операторларының тек орыс тілінде жауап беретініне өз наразылығын білдірді.

Жиында сөз алған халықаралық қазақ тілі қоғамының БҚО бойынша төрағасы Болат Жексенғалиев:

Жақында тәуелсіз еліміздің рәмізінің бірі көк  байрағымызға қатысты болған жағдайда көбі бей-жай қарамағанын көрдік. Бұған қуанып қарадық. Алайда тудан да қасиетті дүние мемлекеттік тілдің мәртебесінде естен шығармаған жөн, — деді Болат Өтеғалиұлы.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтамай, ел мерейі тасымайды. Осы бағытта өткен отырыста алда жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың жобасы айқындалды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар қаламызда мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылатын іс-шаралардың жоспарлау сатысына қатысуға ниет білдірді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *