Бес сағатта ашылған ұрлық

 Ағымдағы жылдың 8  мамырында Орал қалалық полиция басқармасына велосипед ұрлығы туралы жедел ақпарат тіркелді. Жіті қимылдаған жедел уәкілдер жоғалған мүлікті аз уақытта иесіне тауып берді. 

1988 жылғы К. есімді азаматша 6-ықшамауданындағы 53-үйдің кіреберісі алдындағы үлкен терекке велосипедін кілттеп, өзі пәтеріне кіріп кетеді. Сәлден соң қайта шыққанда велосипедін орнынан таппай, бірден полицияға телефон шалған. Оқиға орнына барған жедел уәкілдерге велосипед иесі мықтап тұрып бекітіп қойған мүлкін біреу ұрлайды деп қауіптенбегенін, су жаңа велосипедін жуырда 42 мың теңгеге сатып алғанын айтты. Оқиға болған аймақта, үй ауласында бейнебақылау камералары орнатылмағандықтан, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберліктеріне ғана сенуге тура келген. Осылайша ұрлық оқиғасын ашуға кірісіп кеткен жедел уәкілдер өздері қызмет көрсететін 4-ші, 6-ықшамаудандарды аралап шығады.  Полиция басқармасының КПб жедел уәкілдері, полиция капитаны Асылбек Биғазиев, полиция аға лейтенанттары Мержан Жұмағалиев пен Руслан Нагиев Қадыр Мырза Әлі орталығының алдында велосипедпен серуендеп жүрген ересектеу қызды байқайды. Тіпті оның велосипедінің сипаттамасы мен нөмірі жәбірленушінің сипаттамасымен дәл келеді. Жедел уәкілдер бойжеткенді тоқтатып, велосипедті қайдан, кімнен алғанын сұрастырады. Мән-жайды естіген жәбірленуші де өз мүлкін айнытпай таниды. Велосипедпен серуендеп жүрген бойжеткеннің айтуынша, оны әкесі сатып әперген. Жедел уәкілдер бұл велосипедтің ұрланғанын, иесінің полицияға арыз жазғанын түсіндіреді.

Осылайша велосипед қожайынына қайтарылды. Велосипед иесі – 1988 жылғы оралдық К. есімді азаматша тәртіп сақшылары А.Биғазиевке, М.Жұмағалиевке, Р.Нагиевке алғысын жеткізді. Ал бөтеннің затын ұрлап, бейтаныс адамға сатқан күдікті туралы мәліметтер КПб жедел уәкілдерінің қолында. Таяуда құрықталатын болады.

Жыл басынан бері бұл жедел уәкілдер шеберліктерінің арқасында өз аймақтарында тіркелген 10 велосипед ұрлығының тоғызын әшкерелеген.

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *