252 науқастың 96-сы емделіп шықты

Бүгінгі жағдай бойынша облыс аумағында коронавирус инфекциясымен 252 жағдай тіркелді. Өңірімізде 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 38,4-ті құрап отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісіне қатысқан БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді. Департамент өкілінің айтуынша, 252 жағдайдың 203-і ауруды сырттан тасымалдау салдарынан тіркелген.

– Олардың қатарында Ресей Федерациясынан келген өз еліміздің азаматтары бар. Облыс аумағындағы Ресеймен шектесетін төрт автоөткелден өту барысында олар алгоритмге сай карантиндік стационарға жатқызылып, індетті анықтау үшін сынама алынды. Нәтижесінде Ресейден келген 158 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында тиісті ем-дом шараларын алуда. Ауру жұқтырғандардың арасында шетел азаматтары да тіркелді. Жетеуі жүк тасымалымен айналысатын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары. Оған қоса Германиядан келген ҚР-ның азаматынан да жұқпалы індет белгілерімен зертханалық сынама алынып, оң нәтиже көрсетті, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Атырау облысында орналасқан Теңіз кентінің жұмысшылары да коронавирус жұқпасының алдын алуға бағытталған карантиндік шараларға байланысты 20 сәуірден бастап үйлеріне қайтарылған. Біздің облысымызға сол жерде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 2 мыңға жуық адам келген.  Олардың барлығына да Атырау облысымен шектесетін автоөткелдегі санитарлық блок-бекетте сауалнама жүргізіліп, карантиндік стационарларға жатқызылған. Ауруды анықтау үшін алынған сынамалар нәтижесінде 43-інен коронавирус жұқпасы анықталған. Сонымен қатар мыңға жуық адам үйден оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Қалғандарында инкубациялық кезең аяқталған.

Науқастармен қарым-қатынаста болғандарға да ауру жұқтыру қаупімен медициналық тексеру жүргізіліп, 49 адамнан коронавирус анықталған. Олардың 41-і – медицина қызметкері.

Тағы бір айта кетерлігі, жұқпалы дерттен емделгендер қатары көбеюде. Бүгінгі таңда 96 науқас ауруханадан шығарылған. Олар 14 күн бойы үйден оқшауланып, медииналық бақылауға алынады.

Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаев облыс аумағында эпидемиологиялық шаралар күшейтілген режімде жалғасын табатынын жеткізді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *