Жеңіс мерекесі жақындаған сайын санаға сәуле түсірер тың деректер мен естеліктер қайта жаңғырады. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгерлері азайып, ел аузында естелік болып қалуда.
Менің нағашы атам Ысмағұл Аманжолов Ұлы Отан соғысына қатысып, елге келген соң білім беру саласында еңбек етті.
Ол кісі 1916 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Сайқұдық ауылында дүниеге келген. Әке — шешесінен ерте айырылып, қарындасы Мақпал екеуі атасы Аманжолдың тәрбиесінде болған.
Әкесі — Қален, анасы — Әсия екеуі де 1925 жылы қайтыс болғаннан кейін атам Россияның Самара қаласындағы балалар үйінде 4 жыл оқып, сауатын ашады. 1934 жылы нағашысы Ниязов Ғаллам іздеп тауып, елге алып келеді. Елде жаппай сауаттандыру саясаты жүріп жатқан кез екен, елге келген соң мұғалім болып жұмыс жасайды.
1935 — 1936 жылдары Атырау қаласындағы мұғалімдер даярлайтын техникумды бітіріп, елге келіп қызметін жалғастырады. Кейін Орал қаласындағы педагогикалық институтты сырттай оқиды.
1939 жылы армия қатарына шақырылып, фин соғысына қатысады. 1940 жылы Эстонияның Перно қаласына соғыс жабдықтарымен барады.
90 — дивизия 173 — атқыштар полкі жанындағы командирлік училищені 1941 жылы бітіріп, осы жылдың маусым айында Шаухайда соғысқа кіреді. Соғыс жылдарында Орел, Курск, Смоленск далаларындағы шайқастарға қатысады. Екі рет ауыр жараланады. Майдан даласындағы жауынгерлік ерлігіне орай «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальімен, дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. Тағы да бірнеше орден, медальдармен марапатталады.
Елге 1945 жылы оралғаннан кейін нағашы әжем Бұрышпен шаңырақ көтеріп, мұғалімдік қызметін жалғастырады. Сайқұдық, Кеңсуат, Қырыққұдық, Қурайлысай ауылдарында еңбек еткен. Партия мүшесі бола жүріп, қоғамдық істерге де белсене араласқан.
Нағашы атамның еңбегі еленбей қалмады. Елге еткен қызметі үшін марапаттаулармен, орден, медальдармен мадақталды. Сексеннің сеңгіріне шығып дүние салған нағашы атамның артында қалған ұрпақтары тәлімді тәрбиенің арқасында өмірден өз орындарын тапты.
Жарқын болашақ үшін майдан даласында да, еңбек даласында да жан аямай күрескен атамды мақтан етемін және үлгі тұтамын.
Арайгүл Қайырғалиқызы