Шекарашылар сапта…

Облысымызда азаматтарды көктемгі мерзімді  әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Мерзімді әскери қызметке бірінші кезекте кейінге қалдыру құқығы жойылған немесе осыған дейін басқа да себептермен шақырылмай қалған ер азаматтар шақырылатын болады.

Елімізде бекітілген ереже бойынша әскер қатарына әскерден бостылуға құқығы жоқ 18 жас пен 27 жас аралығындағы ер — азаматтар шақырылады. Бұрын әскер қатарында болу мерзімі екі жыл болды.    Қазіргі уақытта «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес мерзімді қызметтің мерзімі бір жылды құрайды.

Қазіргі таңда Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында қарбалас шақ. Бір айта кетерлігі, бүгінде әскерге шақырушыларға қойылар талап күшейген. Үміткер көп болғасын, іріктеуде қатал. Бірақ бозбалалар арасында жалпақтандық, омыртқаның қисаюы, қанның аздығы, салмақ жетіспеушілік, көздің нашар көруі, асқазан – ішек  секілді аурулар жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп. Бұның бәрі жастардың денсаулықтарына салғырт қарауынан, салауатты өмір салтын дағдыға айналдыра алмай отырғандығынан екені анық. Медициналық барлық дәрігерлердің айтуы бойынша, қандай да ауруға жарты жыл мерзімінде емделуге уақыт беріледі. Алты айдан кейін қайта тексерістен өткізіп, денсаулығы жақсарса әскерге алынады. Қазір сарбаздардың денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі, әскер бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жасақталған. Компьютерлік  біліктілігі, сауаттылығы мен кәсіби шеберліктері қажет. Жай ғана қару ұстап жаттығудан бөлек, логикалық – интелектуалды білімінің бар болуы заман талабына айналған.    Сонымен қатар, жоғары арнаулы білімі бар азаматтар да шақырылуға жатады. Жас жігіттерді әскери қызметке іріктеу кезінде шақырылушыларды психологиялық тестілеуге айрықша маңыз беріледі. Арнайы тестілеудің нәтижелері шақырылушының психологиялық жағдайын шақыру пунктіне тіркелген күннен запасқа шығарылғанға дейін бақылауға толық мүмкіндік береді.

Осыған орай наурыз айынан бастап азаматтарымыз Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне әскер қатарына жөнелту басталды. Соның ішінде  13 наурыз күні Орал қаласынан аттанған сарбаздарымызды «Жастар» мәдениет үйінде салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өткізілді.

16 наурыз күні Облыстық шақыру пунктінен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Мақаншы ауылында орналасқан 2086 әскери бөліміне Шекара қызметіне әскери борышын өтеу үшін облысымыздан 10 адам алынса, соның 5-і Орал қаласының тұрғындары, атап айтсақ Сламихин Артур Владимирович, Қали Азатбек Асанұлы, Орынбасаров Рафилбек Беймбетович, Нағым Әділбек Манарбекұлы және Қайыржан Ержан Сабыржанұлы есімді азаматтарымыз шекарамызда күзетуге аттанды.

Әскери қызмет Отан – анамызды сүюге және туған еліміздің, жеріміздің тұтастығын сақтауға, оны қорғауға үйретеді. Сондықтан аталған сарбаздарымыздың әрқайсысына темірдей қатты, болаттай берік, төзімді де батыл болуға тілектеспіз. Шекарамызды берік ұстап, Отан алдындағы перзенттік, азаматтық парыздарыңызды, борыштарыңызды адал атқарады деп сенудеміз.

Қуат АХМЕТКАЛИЕВ,

Орал қаласының қорғаныс істері

жөніндегі басқармасының

бөлімше бастығы майор

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *