Індетпен күреске төтеншеліктер де үлес қосуда

Облыс аумағында жарияланған карантиндік режімге орай БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де жұқпалы індеттің таралуына тосқауыл қоюға әрекет етуде.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңындағы брифингке қатысқан облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов өңірдің бас санитариялық дәрігерінің «БҚО аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-2019) таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулысына сәйкес төтеншеліктердің бірқатар іс-шараларға жұмылдырылғанын атап өтті.

– Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп облыс аумағындағы алаңдарды, автобус аялдамаларын, билбордтар мен тротуарларды залалсыздандыру жұмысына атсалысуда. Аталған іс-шаралар үшін бөлімшелерден күштер мен құралдар топтастырылып, арнайы белгіленген күнге 132 адам, 36 бірлік техника бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар жасақталды. Жауапты мекемелермен бірлесе 57 блок-бекеттің абаттандыру жұмыстарына қатыстық. Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды стационарлық емдеу мекемелеріне тасымалдайтын автотехника дайындалды, – деді Ақылбек Қосманұлы.

Ағымдағы жылдың 30 наурызында облысымызға РФ-ның Самара қаласынан 57 студент келген. Облысымыздағы төтенше жағдай және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері мамандары олардың смартфондарына «GeoStatus» мобильдік қосымшасын орнатып берген. Бұл қосымша адамдардың өзін-өзі оқшаулау орындарынан ұсынымдар таратуға, жай-күйі мен орналасқан жеріне мониторинг жасауға, денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді екен. Төтеншеліктер  облыстың мүдделі мемлекеттік органдары мен мекемелеріне осы мобильді қосымша құралдарымен карантиндік іс-шаралар жүргізетін көшпелі бригадалардың жұмысын бақылауды, сондай-ақ карантиндегі азаматтарға да орнату жөнінде ұсыныс білдіруде. Енді цифрландыру басқармасы аталған қосымшаны SmartUralsk қосымшасына кіріктіру жұмыстарын жүргізуде.

ТЖ департаменті басшысының орынбасары сала қызметкерлері Орал қаласы мен облыс аумағында коронавирустық инфекцияның алдын алу және қауіпсіздік шаралары бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарын қолға алғанын жеткізді.Департаментте коронавирус бойынша жедел штаб құрылып, 55-40-90 нөмірлі жедел желі ашылған. Оған қоса тұрғындарға жұқпалы дерттен сақтану, төтенше жағдай режімін сақтау жөнінде «112» нөмірінен СМС-хабарламалар таратылуда.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *