Қаланы залалсыздандыру жұмыстары 15 сәуірге дейін жалғасады

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мәлімдеді.

Бүгінгі баспасөз мәжілісі «БҚО-дағы эпидемиологиялық ахуал және шаһардағы дезинфекциялау жұмыстары» тақырыбына арналды.

Қала әкімінің орынбасары Мирас Рүстемұлы шаһар аумағындағы дезинфекциялау жұмыстарының барысымен таныстырды. Айтуынша, күнделікті залалсыздандыру жұмыстарына коммуналдық мекемелер жұмысшылары, төтеншеліктер, жеке дезинфекциялау кәсіпорындары жұмылдырылған. Басты кезекте қаланың магистралды көшелері дезинфекциялануда.

– Аталған жұмыстарға күнделікті төтенше жағдайлар департаментінен 60 сарбаз бен үш арнайы техника, «Жайық таза қала» мекемесінен бес су шашу техникасы мен 20 жеке құрам бөлінеді. Күні бүгін ТЖ департаментінің күшімен Еуразия, Назарбаев даңғылдары, Құрманғазы, Мұхит, Сарайшық көшелеріне зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Одан әрі жұмыс бригадалары Әбілқайыр хан даңғылы, Сырым Датов және Гагарин көшелерінде осы шараларды жалғастыруда. Сонымен қатар қаладағы 600-ге жуық қоқыс алаңдарында да дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Қалаішілік желідегі 400-дей автобус пен автобус парктерінің де тазалығы – күнделікті басты назарда, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен бірге Оралдағы 107 пәтер иелері кооперативінің 76-сы дезинфекциялау жұмыстарына кірісіп кеткен. Нәтижесінде 712 мың шаршы метр аумақ залалсыздандырылған. Сондай-ақ облыс орталығындағы демалыс саябақтарында төтенше жағдай кезінде дезинфекциялық жұмыстар тұрақты  жүргізілмек.

Тағы бір айта кетерлігі, қала аумағында карантиндік режім енгізілуіне байланысты тоғызыншы блок-бекет жасақталған. Барлық блок-бекеттердегі жұмыстың тұрақты жүруі үшін барлық жағдайлар қарастырылған.

Мирас Рүстемұлы барлық іс-шаралардың атқарылуы күнделікті қадағаланатынын айтты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *