Аймақтарды аралаған жұқпалы індет БҚО-ға жетті

Бұл ақпаратты жауапты мекеме басшылары да растап, облыс аумағында екі бірдей коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелгенін ресми мәлімдеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, екі науқастың бірі Атыраудан, екіншісі Ресейдің Саратов қаласынан келген. Екеуі де – облыс тұрғыны. Коронавирус инфекциясы анықталған екі науқас та  облыстық инфекциялық стационарға жатқызылған.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы қосымша мәлімдеме жасаған облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев 24 наурыз күні  Ресейден келген жерлесіміз шекарадан өткен күннен бастап үй жағдайында оқшауланғанын айтты. Арада төрт-бес күн өткенде аурудың алғашқы белгілері байқалып, ол провизорлық стационарға жатқызылған. Қос емделушінің талдау сынамалары лабораториялық ПЦР-тест жүйесінен өткізіліп, коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған.

–  Екі ошақтан да жақын қарым-қатынаста болған адамдардың тізімі анықталды. Олар провизорлық стационарға жатқызылды. Қашық қарым-қатынаста болғандар үйде  оқшаулануда. Эпидемиологтар олардың үй-жайларында дезинфекция жұмыстарын жүргізуде, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Облыстың бас дәрігері Болатбек Қаюповтың мәліметінше, екі науқастың да жағдайы жақсы. Жалпы облысымыз бойынша қазіргі уақытта провизорлық және  карантиндік стационарға 65 адам жатқызылған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *