Меккеден келген азамат коронавирус инфекциясын жұқтырған

Бүгін елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 54 адамға жетті. Осы ретте Алматы облысында коронавирус инфекциясы анықталған науқас қай елден келгені белгілі болды,- деп  хабарлайды BAQ.KZ

Осыған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Қарағанды облысынан коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталса, бүгін бұл қатарға Алматы облысының Қаскелең қаласында тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, ол 1986 жылы туған ер адам екен.

Науқас 17 наурызда Ыстамбұл – Бішкек рейсімен ұшып келген. 18 наурызда Бішкектен Алматы облысының Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласына автокөлікпен жолға шыққан. Қазір стационарлық ауруханада жатыр, жағдайы қанағаттанарлық, — дейді Диас Ахметшәріп.

Алматы облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, аталған азамат Меккеден Ыстамбұл арқылы ұшқан.

Науқас Қаскелеңдегі инфекциялық ауруханада жатыр. Қазір вирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы анықталды, — дейді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 54 адамға жетіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында – 29 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Алматы облысында бір адам тіркелді.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *