Ақ Жайық ақынын ұлықтады

Биыл ­ — туған халқына отты өлеңдерімен ой салып, жалынды жырлары көптің жадында сақталған Қазақстанның халық жазушысы, жерлес ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 85 жыл. Осыған орай бүгін Оралда «Өз елім» атауымен әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш өз елін жырға қосып, ұлттық тәрбиені өлеңінде өрнектеген қазақтың Қадырына арналды. Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастыруымен  Жастар мәдениет үйінде өткен кеш ақынның поэзиялық жырларымен басталды.

Әдеби кеште сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов:

Биыл – ерекше атаулы даталарға толы жыл.Соның бірі ­– дана да дара ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 85 жыл. Қадырды танитын адам, қазақты таниды. Ақын өлеңдерінде адам ұғымындағы махаббат, бақыт, балалық пен жастық шақ, кәрілік кезеңге дейінгі сәттерді әдемі суреттеген. Сондықтан, біздің еліміз қазақтың дара Қадырын құрмет тұтады, ­- деді.

Алғы сөзден кейін Бақытжан Хаберұлы «Қадырды бірге оқимыз» акциясына белсене қатысқан оқырмандарды қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Акция барысында ақын жырларын жатқа оқыған кішкентай балабақша тәрбиеленушілері Мадина Тілекқабулова («Лесная сказка» балабақшасы) , Егор Купряхин(«Балдырған» балабақшасы), Нұрсұлтан Қонысұлы(«Айгөлек») балабақшасы, Әділхан Мақсот(«Жұлдыз-ай» балабақшасы), Еркеназ Қалихан(«Шұғыла» балабақшасы), Айша Хамидолла(«Балбұлақ» балабақшасы) көрермендер қошеметіне ие болды. Сондай-ақ акцияда белсенділік танытқан қала мектептерінің оқушылары, арнаулы оқу орындарының студенттері мен балабақша тәрбиешілері алғыс хат иеленді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 5 қаңтары мен 5 ақпан аралығында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымадастыруымен «Қадырды бірге оқимыз» акциясы жарияланған болатын. Ақынның өмірі мен шығармашылығының насихаттауға бағытталған акцияға қаламыздағы балабақша, мектеп, жоғарғы және арнаулы оқу орындары мен қала тұрғындары қатысты.

Әдеби-сазды кеште ақынның сөзіне жазылған «Асыл әжем» , «Қазақ осы», «Сыған серенадасы», « Тамды ару», «Жездеке», «Жалқаубек» сынды танымал әндерді өңіріміздің талантты әншілері орындады.

Кеш соңы қазақтың сайын даласына жыр боп жетіп, ән боп тараған, туған жерге деген құрметтің биік көрінісіне айналған, ақынның шоқтығы биік туындылары «Өз елім», «Атамекен» әндерімен түйінделді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ,

Виктор Предыбайлоның суреттері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *