Шәмші әндері шарықтаған күн

Жуырда жастар мәдениет үйінің сахнасында Шәмші әндері шарықтап, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Жастар мәдениет үйінде Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған «Ән аға» атты ән кеші өтті. Есті әндерге сусаған халық вальс королінің әр әнін ерекше ықыласпен күтті.

Жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кеш қазақ даласына ән салдырған Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналды. Ән кешінде халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, Жастар мәдениет үйінің әншілері мен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаңылсын Хасанова өнер көрсетті. Сондай-ақ, бұл кеште Шәмші өмірі, жемісті еңбек жолы жайлы естеліктер еске түсірілді.

Мерекелік концерт скирпкашылар ансамблі, үрмелі аспаптар оркестрі, вокалды аспаптар ансамблдерінің сүйемелдеуімен, Асхат Хасановтың дирижерлігімен Ш.Қалдаяқов әндерінен «Увертюрамен» ашылды. Одан әрі ұлы сазгердің сырға толы әндерін Тараз қаласында өткен Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты Халықаралық ән байқауының лауреаты Жаңылсын Хасанова «Отырардағы той», Асланбек Қуаналиев «Арқалықтағы ақ таңы», Аслан, Жасұлан Зинеденовтер «Бәрінен де сен сұлу», Тарас Жауынбаев «Сүймегендер сағынбайды», Рүстем Кереев «Бақыт құшағында» әндерін скирпкашылар ансамблі, үрмелі аспаптар оркестрі, вокалды аспаптар ансамблдерінің сүйемелдеуімен тамылжыта шырқады.

Ал концерттің екінші бөлімінде музыкаға құмар бала Шәмші мен қазақ вальсінің королі атанған аға Шәмшінің бұралаң өмірі театрландырылған концерт арқылы ұсынылды. Бағдарламада Жастар мәдениет үйінің әншілері Омар Хибашев, Рустам Хафизов, Назира Хибашева, Айбар Хайырханов, Дәурен Сейтжанов, Бибігүл Берекетова, Әсел Қуанышева, Азат Кабиев, Дария Бақытова, Аман Мырзағалиев, Дінмұхаммед Шамұратов, Гүлзада Балтөреева, Римма Нұрсұлтановалар өнер көрсетті. Өнер иелерінің қойылымдарын тамашалауға жиналған халықта көп болды. Тіпті, Шәмшінің әнін тыңдау үшін арнайы жақын аудандардан келген қонақтар да бар.

Кешке келген қонақтар: “Бүгінгі концерт өте тамаша, жоғары деңгейде өтті. Әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз. Қазақстандықтар қай уақытта да Шәмшінің әндерін ұмытпайды,”, — деп жылы шыраймен тарқасты.

Сазгердің әр туындысы 70-80 жылдары сәнге айналып, талай жүректі тебіренткен болатын. Содан бері халық аузынан түскен емес. Қырық жылдан астам уақыт ішінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Кеңестік жылдарда қазақ ұлттық музыка өнерінің ән жанрына жаңа леп алып келді. Композитор елге, жерге, Отанға, ата-анаға деген махаббатын әсем әуенмен жеткізе білді. Соның дәлелі ретінде жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген Қазақстанның қазіргі әнұраны “Менің Қазақстаным”, “Ана туралы жыр”, “Арыс жағасында” әндері әлі күнге тыңдарман жадында сақтаулы.

Айару Бақытова,

Жастар мәдениет үйінің мәдени шара ұйымдастырушысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *