Тәртіп сақшылары «Жыл үздігі» атанды

Биыл дәстүрлі түрде ұйымдастырылған «Жыл үздігі-2019» жастар сыйлығы иегерлерінің қатарында БҚО Полиция департаменті Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирлері, полиция аға лейтенанттары Нұрболат Смағұл мен Нұржан Ғұмыров та болды.

Облыс әкімдігі мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған  байқаудың мақсаты – қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген, өзінің қызметінде кәсіби шеберлігімен ерекшеленген жас буын өкілдерін қолдау. Елдің экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі жастардың белсенділігін арттыру, патриоттық сезімдерін нығайту. «Жыл үздігі-2019» байқауында 12 аталым бойынша жастар сыйлығы анықталады. Айта кету керек, осы 11 жылда 560 жас «Жыл үздігі» атаныпты.

Аталған іс-шарада әріптестеріміз «Батырлық пен қайсарлық» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімдігі атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Нұрболат Смағұл мен Нұржан Ғұмыровтың мұндай аталымға ұсынылуы кездейсоқтық емес.

Еске салар болсақ, үстіміздегі жылдың 3 мамыры күні кешкі уақытта «102» қызметіне бір бойжеткеннің ғимарат төбесінен секіргелі жатқаны туралы хабар түседі. Бұл ақпарат жақын маңда патрульдік кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне жіберіледі. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері еш ойланбастан ғимараттың шатырына көтеріліп, алдымен жеткен Нұрболат Смағұл қыздың назарын аудару үшін келіссөз жүргізе бастайды. Бірақ қыз оған мүлде жауап бермейді. Полицей ақырындап қызға жақындап, оның қолынан дереу ұстап қалады. Сөйтіп, әріптесі Нұржан Ғұмыров екеуі қызды төменге түсірген. Одан әрі бөлімшеге алып келіп, қажетті тергеу шараларын жүргізеді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң қызды туыстары үйіне алып кетті.

2012 жылдан бері ішкі істер органдарында өз қызметтерін сержант атағынан бастаған қос сақшы осы оқиғадан кейін ҚР ІІМ-нің «ІІІ дәрежелі құтқарушы» төсбелгісімен марапатталды.

БҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *