Үздік еріктілер марапатталды

Жуырда қалалық «Жастар» мәдениет үйінде «Ерікті-2019» еріктілерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада үздік жиырма ерікті қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ шара барысында волонтерлік ұйымдар өздерінің қызметтері бойынша презентация жасап, келер жылдағы «Волонтерлер жылында» атқарылар өз жоспарларымен бөлісті. Шарада сөз алған Орал қаласының ақпарттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі рессурстық орталығының басшысы Болатбек Сахиев жастар жылында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта «Еріктілер жылында» қала жастарын бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Мәдениет және өнер факультетінің 3-курс студенті Айзада Жетісованың еріктілер құрамына қосылғанына бір жылға жуық уақыт өткен.
– Игі іс жасап, адамдардың қуанған жүзін көру мен үшін зор мәртебе. Ерікті болу – адамды жақсы әдеттер мен жаңа дүниелерге бастайды. Жан-жақты дамуға осындай мүмкіндік сыйлаған «Орал жастары» еріктілер тобына алғыс білдіремін, – дейді ерікті-бойжеткен.
Марапаттау рәсімінен кейін кеш қаламыздың эстрада жұлдыздары мен волонтерлердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *