Елбасы күнінде сақшылардың еңбектері еленді

ҚР-ның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында қоғамдық тәртіпті сақтау жолында аянбай қызмет етіп жүрген батысқазақстандық тәртіп сақшылары марапатталды.

Атаулы мерекеге орайластырылған шара облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Елбасы – елдің тұтқасы» атты іс-шарамен басталды. Шара барысында сақшылардың назарына музей қорынан жасақталған «Тұңғыш Президент – кемеңгер Көшбасшы» тақырыбындағы көрме ұсынылды. Сонымен қатар арнайы Елбасының құрметіне жабдықталған бұрышп таныстырылып, жас тәртіп сақшыларына тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тарихи рөліне, оның өмірі мен қызметіне арналған хроникалық-деректі фильм көрсетілді.

Мерекелік іс-шара БҚО Полиция департаментінде жалғасын тауып, алдымен ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың құттықтау жеделхаты оқылды. Одан әрі қылмысқа қарсы күресу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген  қызметкерлер марапатталды. Олардың қатарында БҚО ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Қуанышқали Меңдіғұловқа арнайы атағы мерзімінен бұрын берілсе, Бөрлі ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Бауржан Дәулетьяров атқарып отырған лауазымында көрсетілген арнайы атағынан бір саты жоғары атақ беруге ұсынылды.

Ал департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қасым Дүйсеғалиев пен Тасқала ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нұрбол Тагаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, департаменттің Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәулетқали Душаканов Құрмет грамотасымен, Ақпараттандыру және байланыс басқармасының технигі, полиция старшинасы Гүлмира Өтепова Алғыс хатпен  марапатталды.

Сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қауіпсіздікті сақтау жолында өзара ынтымақтастықта қызмет еткен бір топ БАҚ өкілдері мен ІІО ардагерлері де Полиция департаменті басшылығының атынан марапатталды.

Асылай ҒҰБАШЕВА,

БҚО ПД баспасөз қызметкері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *