Арыстың қазіргі жағдайы қандай?

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Арыстың қазіргі ахуалын баяндап берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыс әкімі өз сөзінде Арыс қаласында ағымдағы жылдың 24 маусымында болған төтенше оқиғаны еске алды.

– Қиын сәтте елдігімізді, бірлігімізді көрсете білдік. Арысқа үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді. Көрсетіліп те жатыр. Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. 14 облыс пен үш қала бірігіп, Арыстағы зақым келген үйлерді қалпына келтірді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Әкімнің сөзінше, Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй бар, оның 103-і – көпқабатты. Төтенше жағдайдан кейін 7163 тұрғын үй жөндеуді қажет еткен. Оның ішінде 100 көпқабатты тұрғын үйді және 470 баспананы толықтай сүріп, қайта салу қажет болған.

– Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан бөлек Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтті. Бұған «Самұрық-Қазына» қоры жауапты болды. Бүгінде жұмыстар аяқталды деуге болады. Кейбір бірен-саран объектілер бар. Оған Нұр-Сұлтан қаласының секторында сараптау мәселелері сәл кешеуілдеуі себеп болды. Қараша айына дейін ол нысандардың бәрі іске қосылады деп уәде беріп жатыр. Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталды деуге болады. Бұдан бөлек 59,7 шақырым жол, көшелер, гүлзарлар, саябақтар, барлық әлеуметтік нысандар толық күрделі жөндеуден өтті, – деді өңір басшысы.

Өмірзақ Шөкеев бұған дейін Түркістанда 26 нысанның құрылысы жүріп жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ Түркістан облысында жыл соңына дейін 11 тұрғын үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

«BAQ.KZ» сайтынан

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *