Жуырда Орал қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері іздестіру шаралары барысында алты көлікті «иемденіп» кету фактісін бір тәулік ішінде ашты.
Темір тұлпарларды рұқсатсыз жүргізіп кете барған белгісіз біреу оларды бөлшектеп, автомобильдердің арнайы қосалқы бөлшектерін сатып алатын орындарға тапсырып отырған. Ал тапқан ақшаны өз қажетіне жаратқан. Күдікті бір ай ішінде алты көлікті қолды еткен. Оңай ақша табу көзін іздеген күдікті мұндай ұрлықты 2019 жылдың 3 тамызында бастаған. Ол аулада тұрған көліктерді қараңғы мезгілдерде айдап кетіп жүрген.
Нақтырақ айтсақ, 3 тамызда, түнгі уақытта Деповская көшесіндегі бір үйдің ауласында тұрған сұр түсті «ВАЗ» маркалы көлікті айдап кеткен. Ал осы авйдың 13-інде түнгі сағат 23.00 мен таңғы сағат 07.45 аралығында Құрманғазы көшесі №166 үйдің ауласындағы көк-жасыл түсті, титан дискалары бар, артқы әйнектері күңгірттелген «ВАЗ» маркалы көлікті ауладан әкеткен. Көлік иесіне 650 мың теңге шығын келтірді. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары дөңгелектің іздерін қарап, көліктің қай бағытқа қозғалғанын анықтаған. 20 тамыз күні Ықсанов көшесі №87 үйдің ауласындағы 1986 жылғы азаматшаға тиесілі көлікті тізгіндеп, ізін жасырған. Азаматшаға 500 мың теңге шығын келген болатын. 26 тамызда Мәметова көшесі №60 үйдің ауласынан 1990 жылғы көлік иесіне тиесілі көлікті, 28 тамыз күні Алмазов көшесі №59 үйдің ауласынан жеңіл көлікті ұрлап кеткен. Көлікті айдап әкетіп, бөлшектеп сатуды дағдыға айналдырған бұл күдікті кезекті көлікті айдап кету фактісін 5 қыркүйекте жүзеге асырған. Циолковский көшесі №6 үйдің ауласында тұрған «Лада Приора» маркалы көлікті әкетіп, 33 жасар оралдық азаматқа 500 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірді.
Алайда оралдық тәртіп сақшыларының жіті қимылы мен тынымсыз ізденістері зая кетпеді. Бір айда 6 көлікті ұрлап, бөлшектеп сатқан ұрлықшыны кезекті көлік «иемденіп» кету фактісі үстінде құрықтады. 27 жастағы бұған дейін де көліктерді айдап кету фактілерімен істі болып, сотталған, Бөрлі ауданының тумасы қазіргі күні тергеушілердің алдында қылмыстарын мойындауда. Орал қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдерінің қолына түскен күдікті автобөлшектерді сатып тапсырған орындарын да баяндап айтып берді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-ші бабының 1-ші бөліміне сай қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Орал қ.ПБ баспасөз қызметі