Алматыда жас ана нәрестесін сатып жатқан жерінен полиция қызметкерлеріне ұсталған. Бұл туралы Алматы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Алматының Әуезов ауданының тұрғыны 23 жастағы бойжеткен өзінің туған баласын сатпақ болған.Тіпті ол сатып алатын адамнан 400 мың теңге соммасындағы қаражатты алып үлгерген. Алматылық полицейлер оны баласын сатып жатқан жерінен ұстап алған.
«Әйелді ұстауға бағытталған арнайы операция басталмас бұрын бірқатар жедел шара жасалды. Өз баласынан құтылғысы келетін әйелдің қылмыстық ниеті расталды. Ол бір айлық ұлымды сатамын деген ақпаратты достарының арасында таратқан. Сатып алатын адам бірден табылды. Түнгі сағат 11-лер шамасында С. есімді әйел Медеу ауданының аумағында сатып алушыдан 400 мың теңге алу барысында ұсталды», — деді Алматы полиция басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Данияр Меңдебаев.
Тәртіп сақшылары нәрестені уақытша сәбилер үйіне орналастырды. Ал оның анасы ҚР ҚК 135-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
«Кейіннен белгілі болғандай, С. есімді азаматшаның 7 жасар баласы бар екен, екінші баласын некесіз туған. Оны бейтаныс адамдарға сатуды ұйғарған. Әйел өз қылмысын мойындаған. Бала алу үшін төленген ақшаны тергеушілер тәркілеп, қылмыстық іс материалдарына тіркеді», — деді подполковник Меңдебаев.
BAQ.KZ