Ақ Жайық өңірі – жоғары білімді діни мамандарға зәру өңірлердің бірі. Батыс Қазақстан облысынан бүгінде «Нұр Мүбәрак» қазақ Египет ислам мәдениеті университетінде қырықтан астам студент білім алуда.
Жақында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев осы университетте болып, батысқазақстандық студенттермен кездесті. Өкіл имам олардың әрқайсысының жағдайы, оқу барысы, үлгерімімен жекелей танысып, өтініш-тілектерін тыңдап, оларға ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы өкілдігі тарапынан жасалып жатқан көмек пен қолдаулар, алдағы міндеттер туралы айтты.
Сонымен қатар жастарды облыс көлемінде атқарылып жатқан діни ахуалмен таныстырып, білікті мамандардың қажеттігін алға тартты. Мұратбек Мұхтарханұлы: «Университет түлектеріне тек имамдық салаға ғана емес, түзеу мекемелері, департамент, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттеріне сұраныс артуда. Ел арасындағы жат ағым жетегіндегілермен күресуде жоғары білімді мамандардың мерейі үстем. Сондықтан ел руханияты үшін белсене іске кірісетін жас мамандар ауадай қажет. Ел игілігі үшін, имандылықты арттыру үшін еңбек еткен азаматтың мерейі асқақ болатынын өмір дәлелдеп келеді» деді.
Осындай жағдайларды алға тартқан өкіл имам болашақ түлектер өзінің туған өңіріне қызмет етуі аса қажет екенін түсіндірді. «Жастарға артылар сенім де, үміт пен міндет те орасан» деді Мұратбек Мұхтарханұлы.
Нұрлан САМАТҰЛЫ