Осы аптада облыстық орталық мешіттің ұйымдастыруымен «Ысырап – мұсылманға кесапат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қаладағы Достық үйінде өткен жиынға ҚМДБ-ның қызметкерлері, БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов, облыстық мешіттің ақсақалдар алқасының мүшелері, медресе ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев аталмыш тақырып аясында баяндама жасап, бұл мәселе облыс басшылығының назарында екенін, осы ретте насихат жұмыстарын жандандыру керектігін баса айтты. Облыстық дін істері басқармасының басшысы М.Раманқұлов осы бағытта мемлекет заң жобаларын қабылдайтынын айтса, ғалым-ұстаз Сайлау Сүлейменов те ысырапшылдыққа қатысты өз ойын білдірді.
Ақсақалдар алқасының өкілі Ғұмар қажы Құрақов: – Қала шетіндегі зираттар зәулім үй секілді. Соған жұмсалған қаржыны пайдалы, қайырлы істерге жұмсаса жақсы болар еді. Бұл турасында мешітке келіп, дін мамандарынан сұрап жатса, қуанамын, – деп, өз пікірін жеткізді. Орталық мешіттің наиб имамы Бақытжан Құралбайлы садақа турасында сөз қозғап, осы рәсімдегі дастархан мәзіріне тоқталды. Аталған рәсімдерді ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің XV отырысында қабылданған «Жаназа һәм жерлеу рәсімдері» пәтуасының аясында жүзеге асыру, ҚМДБ бұйрығымен бекітілген арнайы дін мамандарының қызметіне жүгіну мәселелері де назардан тыс қалмады.
Дөңгелек үстелде Ақ Жайық өңірі бойынша ортақ құдайы ас (садақа) мәзірі бекітілді. Соған сәйкес садақа дастарханына бауырсақ, жеті нан, тары, талқан (жарма), қаймақ, сары май сынды ұлттық тағамдарымызды және нан, құрма, қант, кәмпит, печенье, мейіз, өрік, шәй, су және ыссы тамақ есебінде ет (не күріш) қою ұсынылды.
Нұрлан САМАТҰЛЫ