Бүгін қаламызда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Жайықтың би әлемі» атты облыстық бишілер фестивалінің гала-концерті өтті. Байқауда үздік деп танылған өңірімізге танымал қала мен ауданның би ұжымдары көрерменге ұлттық өнерді дәріптеп, ерекше қошеметке бөленді.
Алғаш рет бастау алған би байқауының мақсаты – рухани мәдениетті жоғарылатып, өскелең ұрпақтың би өнеріне деген қызығушылығын арттыру, өнер ұжымдары, ансамбльдер мен жетекшілер арасында тәжірбие алмасу.
Қала күнімен тұспа-тұс келген би байқауының жоғары деңгейде өтуіне Жастар мәдениет үйі мұрындық болып, Орал қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсеткен.
Жарыс талаптары бойынша қатысушылар байқауға төрт би ұсынған. Оның екеуі – қазақ биі болса, біреуі – өзге ұлттың, ал соңғысы заманауи би түрі. Төрт жүзге жуық жас қатысқан өнер додасында сегіз аудандық, бес қалалық би ансамблі өнер көрсетті.
Фестиваль алғаш рет өткізілгеннен кейін танымал би ұжымдарын арнайы шақырдық. Бұл — аудан мен қала арасындағы мәдени, шығармашылық байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді. Тәжірбие алмасу мақсатындағы байқауда қатысушылардың биді орындау шеберлігі мен сахналық бейнеге аса мән берілді, — дейді «Жастар мәдениет үйінің» қызметкері, байқау ұйымдастырушысы, «Салтанат» би ансамблінің жетекшісі Бұлбұл Сапарғалиева.
Кеште әсем қимылдарымен жүректерге жол тауып, Шара мен Шұғыладай мың бұрала билеген би ұжымдары алғысқа ие болды. Талантты жастарды тәрбиелеуде талмай еңбектеніп жүрген ансамбль жетекшілеріне қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов шығармашылық өрлеу тілеп, алғыс хаттармен марапаттады.
Кеш барысында киелі сахнада мың бұрала билеп, өнерлерін көрерменге паш еткен бишілер осал еместіктерін байқатты. Айта кетейік, гала-концертке қатысқан ұжымдар шаһар күніне арналған мерекелік кеште өнер көрсететін болады.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ