Орал қаласында кепілдікте тұрған арзан пәтерлерді алып беремін деп, халықты алдаған азаматша қолға түсті.
Жаңа үйге қол жеткіземін деп, қолындағы бар ақшасын алаяқ әйелге санап беріп тұрғындар сан соғып қалды.Ол бір-екі бөлмелі пәтерлерді 2-5 миллион теңгеге бағаласа, екі-үш бөлмелі пәтерлер үшін 5-7 миллион теңге айналасындағы бағаны сұраған. Баспана кілтін алмастан бұрын, тұрғындар бұл жаңалықты туыс, достарына таратқан. Айлакер банкте кепілдікте тұрған арзан бағадағы пәтерді алып беру мүмкіндігі барын айтып, зардап шегушіден алдын ала 7,2 миллион теңге алған.
Жиырмаға жуық зейнеткерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер алданғандар қатарынан көрінді. Мұндай арыздар әлі де келіп түсуде. Олардың ең азы – 500 мың теңге, ең көбі – 7,2 миллион теңге сомасында ақша берген.
Бұл факті бойынша Орал қалалық полиция басқармасының бастығының орынбасары М.Төребек: — Бізге арыз түсірушілердің кейбірі жылдап күткен. Алаяқ әйел олармен үнемі байланысқа шығып, құжат толтыруда белгілі бір қиындық туғанын айтып, әйтеуір қол жеткізетінін айтып сендіріп келген. Қазіргі уақытта аталған 36 жасар әйелге қатысты ҚК-нің 190-бабы 3-бөліміне (Алаяқтық фактісі) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдікті азаматша тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол бұған дейін алаяқтық қылмысы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған, – дейді полиция подполковнигі.
Зардап шеккендер ақшаларын қайтарып беруін сұрайды. Алайда күдікті азаматша ақшасы жоғын айтып ақталуда. Алаяқ әйел зардап шегушілердің 54 миллион 450 мың теңгеге жуық ақшасын қайтарып беруі тиіс.
Бұл ретте құқық қорғау органдары мынадай ақыл-кеңестер береді: Жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде барлық операцияларды, сондай-ақ ақшалай қаражаттарды қарызға алуды тек нотариус арқылы рәсімдеңіз. Келісімшарттың барлық тармақтарын мұқият оқыңыз. Келісімнің барлық ережелерімен келіскенше және түсінікті болғанша ешқайда қол қоймаңыз. Сізге түсініксіз болса түсіндіруді өтініңіз. Егер де келісімшарттың қандай да бір тармағы жазбаша көрсетілмесе, тек ауызша болса, онда сізді алдау әрекеттері жүзеге асып жатқанын түсінуіңіз керек. Әрқашанда компанияның мекенжайын, телефонын және басқа да байланыс түрлерін нақтылаңыз, ол туралы интернет ресурстары арқылы анықтама алуға тырысыңыз. Алаяқтың арбауына түсіп, жиған дүние мүлкіңізден бір күннің ішінде айрылып қалғыңыз келмесе құқық қорғау органдарының жоғарыдағы ақыл-кеңесіне құлақ асқан жөн.
БҚО ПД баспасөз қызметі