Ардагерлерге құрмет — ерлікке тағзым

Жуырда «Ардагерлерге құрмет – ерлікке тағзым» атауымен Орал қалалық полиция басқармасында полиция саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагерлермен кездесу өтті.

 Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – ішкі істер органдарының имиджін арттыру жөніндегі 2019 жылға арналған жоспарға сәйкес музей жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру, музей құндылықтарын насихаттау, ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігі мен батылдығы туралы тарихи тағзым етуді сақтау, жеке құрамға патриотизм рухын себу мен қызметкерлердің жетістіктерін мақтан тұту.

Басқармадағы ардагерлер кеңесі мен кадр саясаты бөлімінің бастамасымен өткізілген кездесуге жас қызметкерлер мен ішкі істер органында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагер ағалар қатысты. Алғаш сөз алған ардагерлер кеңесінің төрайымы милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева полиция қызметіндегі қиындықтар, оларды жеңу жолдары туралы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас қызметкерлерді шыдамды болуға, әр істі сабырлы қалыппен шешуге шақырды. Бала әкесімен, әкесінің өнегелі жолымен мақтанады, әкесін мақтан тұтады деген Клавдия Саматқызы жеке құрамға сәттілік пен табыстар тіледі.

Келесі болып сөз алған ардагер Бақтығали Құрманалиев 1980 жылдары милицияда қызмет атқарған уақыттағы қиындықтар мен қызықтар жайында баяндап, 1980 жылы Орал қаласынан 19 ішкі істер органы қызметкерінің Мәскеу қаласына «3С» сапарымен  барып, министрмен кездескен сәтін, сол кездің естеліктерін әсерлі етіп айтып берді. Одан әрі қызметтегі өсу жолдары, өрлеу баспалдақтары туралы баяндап, жастарға ағалық ақылын арнады.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы ардагерлер кеңесіндегі белсенді ардагерлердің бірі – Жексен Қойбағаров. Ардагер – бұл күнде жанұясының ортасында ардақты қария атанып отырған бақытты жан. Бала-шағалары атасының еңбекқорлығымен және спортты жақсы көретін шынайы қасиеттерімен мақтанып, үнемі айтып жүреді. Жексен Мажитұлы қазіргі таңда басқармадағы жас қызметкерлерге самбо ережелерін үйретіп, спортшылардың кәсіби шеберліктерінің шыңдалуына сүбелі үлесін қосуда. Ардагер Совет кеңесі уақытында техника мен ұялы байланыс болмаса да, жұмылып қызмет атқарған жылдарды еске алды. Жас буынды бірлік пен төзімге шақырып,  қарбалас қызметтерінің жемісін көруді тіледі.

Мақсот Ғиззатұлы – Орал қалалық ішкі істер басқармасындағы ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелерінің бірі. Ардагер басқарма мен ардагерлер кеңесі тарапынан ұйымдастырылған мәдени көпшілік шаралардың бел ортасынын үнемі табылады. Сонымен қатар, білім ордаларына бары, әркез рухты сөздерімен жас ұрпақты тәрбилеп жүрген жан.

Басқарманың екінші қабатынан ішкі істер органы ардагерлер кеңесіне арнайы бөлме берілді. Сол бөлмеге әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері келіп, кеңестің жұмысына жәрдемдеседі. Сырқаттанып төсек тартып жатқан ардагерлердің үйлеріне барып, дәрі-дәрмектерін алысады. Жаңадан басылған газет-журналдарды апарып, ресми жаңалықтар оқып береді.

Кездесу барысында қалалық полиция басқармасының кадр саясаты бөлімінің бастығы полиция капитаны Нұрхат Бапеновке ардагерлер тарапынан полиция имиджін көтеру мақсатында басқармада атқарылатын іс-шаралар, қызметкерлердің білімін жетілдіру жайлы сұрақтар қойылды.

«Ардагерлерге құрмет-ерлікке тағзым» тақырыбымен өткен кездесуде ардагер ағалардың өрлік пен ерлікке толы естеліктері тыңдалды.  Тағылымды шарадан жас қызметкерлердің түйгені мол болды.

Гүламан Исмагулова,

Орал қаласының ПБ баспасөз қызметкері

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *