Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау нәтижелері белгілі болды

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік сақтандыру қоры мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп өткізген шара аясында биылғы 12 сәуір мен 30 маусым аралығында SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын.

Атап айтқанда, 2019 жылдың сәуір-маусым айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді.  Барлығы 1 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Онда рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген емделушілерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылды.

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, қорға 27798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған. Сондай-ақ, бұл мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры өткен жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті. «Пациенттерден келіп түскен барлық хабарламаларды Қор тіркеуге алғаннан кейін өңдеді. SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды»  деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Мемлекеттік сақтандыру қоры – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ. Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады (МСҚ-мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен). «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады. 2019жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасындағы келісімнің құны 86,9 млрд теңге болды.

Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша ағымдағы жылдың 12 сәуір – 30 маусымы аралығында, 2019 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінің  мәліметтеріне сәйкес 46 054 пациент 117 240 рецептімен 883,4   миллион теңге мөлшерінде қамтылған.

«ӘМСҚ»  БҚО филиалы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *